Теміртауда мемлекеттік қызмет сапасын арттыру үшін екі штаты бар жаңа бөлім ашылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Теміртауда «Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бөлімі» атты жаңа бөлім ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовтың хабарлауынша, бөлім Мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі департаментінің ұсынысымен ашылған. Ондағы мақсат - қалада мемлекеттік қызметтің көрсетілуін барынша жетілдіру. Аталмыш бөлімнің мамандары көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына күн сайын мониторинг жүргізіп отырады. Арнайы конкурстың нәтижесінде бөлім басшысына лайықты деген кандидатура таңдап алынды. Ол Самат Зияшевтың кандидатурасы. Ол тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі қызметін атқарып келген болатын. Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімін уақытша Низами Гаджиев басқаруда.



Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы кезде Самат Зияшев біліктілігін арттыру үшін білімін жетілдіруде. Осыған қарай бөлім басшысының міндетін атқару Шолпан Темірбековаға жүктелген.

«Жаңа бөлімнің мақсаты қаладағы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша ақпараттарды жинап, өңдеу және талдау болып табылады. Жаңа бөлім мамандары жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылатын жұмыстар бойынша ай сайын материалдар жинап, оларды сараптап, бақылау жүргізіп отырады»,-деді Теміртау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ольга Горячева.

Бөлім штатының саны небәрі 2 маманнан тұрады.

Соңғы жаңалықтар