Теміртауда газ баллоны жарылып, 5 бала ауруханаға түсті

None
Фото: Қарағанды ​​облысының ТЖД баспасөз қызметі
ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат – Теміртауда көпқабатты үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, салдарынан 7 адам, оның ішінде 5 бала ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдай бүгін, 13 наурыз сағат 13:56-да болды.

«Теміртау қаласындағы өрт туралы хабар түсті. 6-шы шағынауданда бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатында орналасқан пәтерде газ-ауа қоспасы тұтанып, кейіннен жану орын алған. Өрт Төтенше жағдайлар департаментінің күштерімен сағат 14:19-да сөндірілді. Жалын 6 шаршы метр аумақты от шарпыды», - деп мәлімдеді Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметінен.

Пәтерде болған 7 адам, оның ішінде 5 бала әртүрлі дәрежедегі күйік жарақатын алды. Олар ауруханаға жатқызылды.

Сондай-ақ оқиға салдарынан пәтер аралық қабырға, пәтердің сыртқы есігі және кіреберістің терезе блоктары зақымданған.


Қарағанды облысының ТЖД қызметкерлері 2-ші қабаттан жоғары көпқабатты үйлерде газ баллонын пайдалануға тыйым салынатынын еске салады. Дұрыс жұмыс істейтін газ жабдығын ғана пайдалану қажет.

Газ жабдығы дұрыс жұмыс істемеген жағдайда мамандарға хабарласу керек. Жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүргізу – қауіпті.

Газ баллондары мен газ жабдықтарын тек осы өнімдерді сатуға арналған сертификаттары бар мамандандырылған ұйымдардан сатып алу керек.

Газ баллондарын ауыстыру кезінде отты, электр құрылғыларын пайдалануға қатаң тыйым салынатынын әрқашан есте сақтау қажет.

Баллонды орналастыру тәртібі:

- газ плитасынан жарты метр қашықтықта;

- кез келген жылыту құрылғысынан 1 метр қашықтықта;

- егер жылыту құрылғысы ашық болса, онда баллонға дейінгі қашықтық 2 метрге дейін артады.


Соңғы жаңалықтар