Теміртауда экологияны бақылайтын инспекция ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Теміртауға көпшіліктің өтініші бойынша қалада тұратын және экологиялық заңбұзушылық пен проблемалар туралы жедел есеп беретін экологиялық инспекторды жіберетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы министр жұма күні Теміртау қаласының тұрғындарымен онлайн-кездесу барысында мәлімдеді.

«Теміртаудағы жеке экологиялық маманға қатысты айтсам, бұған дейін мұндай тәжірибе болған емес. Бірақ бір ай бұрын қала жұртшылығымен кездескен кезде бұл мәселе тағы көтерілді. Біз мәселені шештік. Экологиялық проблемаларды көзбен көріп, сезінетін және жедел ақпарат жіберетін, Теміртауда тұратын және жұмыс істейтін жеке экологиялық инспектор бөліп отырмыз. Сөйтіп, бұл мәселе шешілді», - деді М.Мырзағалиев тұрғындар мен қоғам қайраткерлерінің өтініштері туралы айта келіп.

Кездесуде қаланың қоғам қайраткерлері Экология министрлігімен бірлесіп, Теміртаудағы экологиялық проблемаларды шешудің Жол картасы жобасын талқылады. Шара барысында тұрғындар сонымен қатар айналасында емес, қаланың ішінде ағаш отырғызу мәселесін сұрады.

«Теміртау тұрғындарының сұранысы түсінікті. Өткен жылы біз «Aрселор Миттал Теміртаумен» 500 мың ағаш отырғызу туралы келіскенбіз. Бұл маңызды жоба, ол қаланың ғана емес, өңірдің де сәні болуы тиіс. Осы сәтті пайдаланып, Теміртау қаласының әкімінен қалада тиісті жер телімін бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұраймын. Біз онда компаниямен және жұртшылықпен бірге осы ағаштарды қалада отырғызайық», - деді министр.

Тағы бір талқыланған негізгі бір тақырып атмосфералық ауа мен кәсіпорын эмиссияларының жәйі.

Экология министрлігінің басшысы Экологиялық кодекс жобасына еліміздегі кәсіпорындардың озық қолжетімді технологияларды енгізу нормасы енгізілгенін еске салды.

«Бұл - еуропалық тәжірибе. Соның арқасында Еуропа шығарындыларды 94% төмендете алды. Дегенмен бұл процестің жедел орындалмайтыны туралы бірден ескерткім келеді. Еуропада ол үшін 15 жыл қажет болған. Тиісті стандарттар мен анықтамалық кітапшаларды дайындауға 3-4 жыл уақыт кетеді. Ал барлық зауытты осындай ОҚТ-ға ауыстыру 2025 жылдан басталады. Оған көшу үшін кәсіпорындарға 10 жыл беріледі. Егер компания ОҚТ жүйесіне көшпесе, онда бұл жағдайда шығарынды үшін төлем 2,4,8 есе өседі. Сонымен бірге мемлекет эмиссия төлеуден бас тартады. Яғни, мемлекет, салыстырмалы түрде айтқанда, кәсіпорындардың ОҚТ енгізу шығынын бөліседі. Бірақ біз заңдық тұрғыда ОҚТ енгізілетін 2035 жылды күтіп отырғымыз келмейді. Бұл жұмысты біз былтыр бастағанбыз, енді оны әрі жалғастырамыз», - деді М. Мырзағалиев.

Қала жұртшылығының барлық ұсыныстары Теміртау қаласының экологиясын жақсарту жөніндегі Жол картасына енгізіледі.


Соңғы жаңалықтар