+7 (701) 759 90 19
USD 431.07 EUR 485.51
RUB 5.69 CNY 67.47
Jańalyqtar

Теміртас Жүсіпов: Басты арманым - 2020 жылғы жазғы Олимпиада

2018 жылғы 21 қаңтар 09:53
Бөлісіңіз:
Теміртас Жүсіпов: Басты арманым - 2020 жылғы жазғы Олимпиада

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Басты арманым - 2020 жылғы жазғы Олимпиада. Бұл туралы халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы, «Астана Арланс» кәсіпқой клубының мүшесі, ақмолалық Теміртас Жүсіпов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

- Теміртас, сіздің халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасы чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы, «Астана Арланс» кәсіпқой клубының сапында дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) кубогының екі дүркін иегері, Қазақстан құрама командасының мүшесі екеніңізді спорт сүйер қауым жақсы біледі. Ал, туған жерің мен отбасың туралы көпшілік біле бермейді. Сондықтан әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасаңыз.

- Мен Ақмола облысының Сандықтау ауданындағы Хлебный ауылында тудым. Мен мектепте төртінші сыныпқа көшкенде Жарқайың ауданындағы Тассуат ауылына қоныс аудардық. Сонда мектеп тәмәмдадым. Әкем Берік дүние салды. Анам Айжан зейнет демалысына шыққанға дейін ауылда аспаз болып еңбек етті. Қазір бауырларыммен сол Тассуатта тұрады. Отбасымызда менен басқа апам, інім және қарындасым бар. Жақында орда бұзар 30 жасқа (15 қаңтар - авт.) толдым. Үйленгенмін, Адель атты қызым бар.

- Бүгінгі жеткен жетістігінді ауыз толтырып айтуға болады. Бұл жетістіктің хронологиясын айтып өтсеңіз. Боксқа қашан және қалай келдіңіз?

- Боксқа 2004 жылы он алты жасымнан бастап ден қойдым. Ауылда тоғызыншы сыныпты бітіріп, Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан Краснояр селосындағы кәсіптік-техникалық лицейге оқуға түскен бетім. Елде бұған дейін ұстазымыз Марат Байбосыновтың жетекшілігімен қазақ күресімен айналысатынмын. Лицейде күрес секциясы жоқ екен, сосын осы боксқа жазылдым. Өйткені, кішкентай кезімнен оны да жақсы көріп, бүйрегім бұрып тұратын. Басында осы бокс әліппесін алғашқы бапкерім Жәлел Әбілмәжінов ағайдан үйрендім. Кейін ол кісі мені келесі жаттықтырушым Кенжебек Құрмановтың қол астына берді. Екі-үш жылдан соң осы өңірде Мереке Жүсіпов, Руслан Мусинов, Шыңғыс Рамазанов сияқты небір бокс саңылақтарын тәрбиелеген қазіргі бапкерім, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуанышбай Қоқышевтің назарына іліктім. Осылай жүріп төрт дүркін чемпион болдым, бір рет күміс, екі рет қола жүлдегер атандым. Соның бәрі әрине, мені боксқа баулыған алғашқы бапкерлерімнің, жеке жаттықтырушым, ақылшы ағам Қуанышбай Қоқышевтың, Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың еңбегінің арқасы. Олар болмаса, осындай биіктен көріне алар ма едім?!

- Спорт болған соң, қуаныш, реніші қатар жүрмей қоймайды. Алғашқы жеңіс пен жеңілістер, бәрі де есте шығар.

- Ең бірінші рет 44 келі салмақта облыстық жарысқа қатысып, бірден ұтылып қалдым. Сондағы көңіл-күйімді, ұнжырғамның түскенін көрсеңіз. Мұндайда намысқа баспай болмайды екен. Жаттығу қажеттігін түсіндім. Бапкерімнің айтқанын бұлжытпай орындай отырып, бірте-бірте шеберлігімнің өскенін байқадым. Сөйтіп, Краснояр - Щучинск матчтық кездесуінде алғашқы жеңісімнің дәмін таттым. Одан әрі Өскеменде өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында 46 келі салмақта үшінші орынға ие болдым. Сөйтіп 2007 жылы үлкен рингке жолдама алдым.

- Бокстан Қазақстан құрамасы сапындасын. Білуімізше үнемі жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарында жүресін. Бұл отбасылық жағдайларға кедергі келтірмейді ме?

- Иә, дұрыс айтасыз, шынымды айтсам оңай емес. Үнемі отбасыңнан, туған өңіріңнен жырақта оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарда, жолда жүресің. Бірақ, күнделікті аянбай төккен маңдай тердің, жеңіске деген құштарлықтың арқасында ел сенімін ақтап жатсаң, сенен бақытты адам жоқтығы тағы анық. Жас болсақ та, түрлі жарыстарда осыны түсініп қалдық.

- Үлкен спортқа келгелі талай халықаралық, республикалық турнирлерде топ жардың. Соған қарамастан ел құрамасында жолың болмай жүрген тәрізді. Әсіресе, өз салмағыңда басқа әріптестеріңнің тасасында қала беретін сияқты болып көрінесің.

- Ең алдымен, шаршы алаңдағы кез келген жекпе-жектің тағдырын әділ қазылық пен мықтының қарымы шешеді. Мен бокстан Қазақстан құрамасына 2011 жылы қабылдандым. Оған дейін 2008 жылы ел чемпионатында, ал, 2011 жылы Қазақстан спартакиадасында үшінші орыннан көріндім. Біздің 49 келіге дейінгі жеңіл салмақта күні кешеге дейін әлем чемпионы Біржан Жақыпов басты фаворит саналып келді. Біржан осы салмақ дәрежесінде соңғы үш бірдей жазғы Олимпиадаға қатысты, бірақ, өкінішке орай, жүлде ала алмады. Соңғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасынан кейін жолды жастарға беріп, құрамадан кетті. Мен 2012 жылы ел чемпионатында финалда нақ осы Біржаннан ғана ұтылып, екінші орынды қанағат тұттым. 2013 жылы Тараз қаласында өткен чемпионатқа ол қатыспай, бірінші орын менің еншіме тиді. Сол жылы Азия чемпионатына Біржан ауырып қалып бара алмай, орнына мен бардым. Иорданияның Аман қаласындағы шаршы алаңда әуелі қырғыз, одан жапон боксшысын ұтып, жартылай финалда филиппин, ал, ақтық сында үнді спортшысынан басым түсіп, құрылық чемпионы атандым. Бұл әзірге менің халықаралық жарыстардағы ең ірі жеңісім. Бірақ, үлкен спорттан әлі қол үзу ойымда жоқ, сондықтан, бұл жеңіс жалғасар деген үміттемін.

- Жанкүйерлерің үнемі көз тігіп, қуанып жүретін «Астана Арланс» кәсіпқой клубында табысың туралы айтып өтсең.

- Бұл мен үшін Алланың берген бір бағы ғой деп ойлаймын. Осындай жартылай кәсіпқой клубта өнер көрсетуді өз басым үлкен спортта жолымның болғанына балайтыным анық. Мен бұл командаға 2015 жылы қабылдандым. Содан бері арғы жылы және биыл екі мәрте Дүниежүзілік бокс сериясының кубогын жеңіп алдық, тағы екі рет - 2014 және 2016 жылдары үшінші орынға табан тіредік. Өзім осы жарыстарда ұзын-ырғасы 15 жекпе-жек өткізіп, соның 11-інде ұттым, төртеуінде ұтылдым. Себебі, әр құрылық, әр елден жан берісіп, жан алысатын бұл бәсекелерде осал қарсылас жоқ. Бәрі де жарысқа таңдап қосқан бір-бір мемлекеттің мықтылары дер едім.

- Бокстағы кумирлеріңіз бар ма. Бар болса, кімдерді ерекше атап өтер едіңіз?

- Жастайымыздан бокстағы біздің кумиріміз де сол кездегі Руслан Мусинов, Аман Батырбаев сияқты ағаларымыздың есімдерін атап өтер едім. Бүгін өз басым сол ағаларымыздың ісін жалғастырып келе жатырмын деп ойлаймын.

- Жалпы Ақмола, Көкше жерінді бокс спортты қалай дамып жатыр? Осыған қысқаша тоқтала кетсеңіз.

- Жаман емес. Жақсы боксшылар, жақсы бапкерлер бар. Биылғы үлкен бір жаңалық, облыстық бокс федерациясы құрылды. Бұрын да Қазақстанда жаман санатта емес едік, енді боксымыз одан сайын дамиды деп отырмыз. Осы мектептің түлегі Бақберген Сабыржанов биыл Қазақстан чемпионатында екінші орыннан көрініп, құрамаға алынды. «Астана Арланс» кәсіпқой клубының да бұрыннан осы жақсылық Нұрдәулет Жарманов, көкшетаулық Нұрсұлтан Қосшығұлов бар. Облыста жеңіл, орта салмақтағылар жеткілікті, тек 91 келі, одан жоғары салмақ дәрежесіндегілер шықпай тұр. Федерация кубогында да осыдан ғана жолымыз болмады. Сосын Олимпиада, әлем додаларында ежелден алтын әкеліп, қазақтың салмағы болып кеткен 69 келіде де бізде анау айтқандай боксшы жоқ. Демек, соларды жер-жерден тауып, тәрбиелеуіміз керек.

- Әр спортшының жеңіске жетелейтін арманы болады...

- Менің басты арманым - 2020 жылғы жазғы Олимпиада. Әлі спортта жасым келді демеймін. Құрама сапында жақсы өнер көрсетіп, осы төрт жылда бір болатын әлем додасына жолдама алып көруге ұмтыларым сөзсіз. Мен туған Ақмола облысында әлі бокстан Олимпиада, әлем біріншілігінің жеңімпазы не жүлдегері жоқ. Сол олқылықтың орнын толтырғым-ақ келеді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аслан Оспанов

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT