Темірбек Жүргенов өмірінің соңына дейін халқына адал қызмет етті – ректор

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы өтті. Жиналғандар саяси қуғын-сүргін құрбаны болған, қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің ескерткіші алдында гүл шоғын қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға Темірбек Қараұлы Жүргеновтің туыстары, БАҚ өкілдері, жүргеновтанушы ғалым Айгүл Садықова мен академия ұжымы қатысты.

«1925 жылдың күзінде Қазақстанның басшылығына Ф. Голощекин келіп, «Кіші Қазан» төңкерісін ұйымдастырды. 1928 жылы Алаш қайраткерлері «ұлтшыл» деген айыппен тұтқындала бастады. Әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, жер аударылды. Міне, сондай зиялы азамттарымыздың бірі – Темірбек Қараұлы Жүргенов. Қазақстанның әдебиет, мәдениет, өнер саласының ғана талантты өкілі емес, елдің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Өмірінің соңына дейін қазақ еліне адал қызмет етіп, халық алдында үлкен беделге ие болды. Өзі өмірден ерте өткенімен атқарған ісі, жасаған қызметі, ел болашағы үшін сіңірген еңбегі бүгінде әділ бағалануда. Артында мұра болып қалған кітаптары, оқу-ағарту, әдеби-мәдени, өнер саласында қалам тартқан құнды дүниелері кейінгі ұрпаққа қызмет етуде»,– деді Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Әбдуалиев.

Темірбек Жүргеновтің туысы Сәбит Иманғалиевтың айтуынша, қайраткердің қоғам мен мемлекет ретіндегі тұлғасын әлі де зерттеу қажет.

«Небәрі 39 жасында Кеңес Одағының қанды шеңгеліне ілінген біздің жерлесіміз, ұлтын, елін, жерін шексіз сүйді. Өзінің саналы ғұмырын халықтың жолына арнаған азаматты еске алу біздің парызымыз. Қайраткердің қоғам мен мемлекет ретіндегі тұлғасын жан-жақты, түбегейлі зерттеу қажет. Бұл жұмыстар қазірдің өзінде қолға алынды. Ол туралы үш кандидаттық диссертация, 3 деректі фильм түсіріліп, бір пьеса көрерменге жол тартты. Осының бәрі Т.Қ. Жүргеновтің өміріне арналған тың дүниелер»,– дейді ол.

Өнер академиясына жүргеновтану сабағын өтеді. Мақсат – ел мәдениеті мен әдебиетіне, өнеріне үлкен үлес қосқан абзал азаматтың еңбектерін жас буынға сіңіру, үйрету.

«Жыл сайын студент, магистрант-докторанттар арасында ғылыми зерттеу жұмыстары дайындалады. Байқаулар ұйымдастырлады. Т.Қ. Жүргенов мұрасын зерттеу жалғасып келеді. 80-ге жуық әдеби, мәдени, оқу-ағарту саласына арналған мақалалар, бірнеше кітаптары жарық көрді. Бірте-бірте жүргеновтанудың аясы кеңейу үстінде. Біздің академияда оқитын студенттерге Т.Қ. Жүргенов атындағы шәкіртақы тағайындалса деген арманымыз бар. Оның өзі өнер саласына келген жастардың ынта-ықыласын, зерттеумен айналысып жүрген жас ғалымдардың ғылыммен терең айналысуына жол ашар еді»,– дейді жүргеновтанушы Айгүл Садықова.

Айта кетейік, өнердің сан-саласын қамтитын білім ордасы 1993 жылдан бері қайраткердің есімімен аталып келеді.


Соңғы жаңалықтар