«Темірбанктен» 37 млн. теңгені қолды қылған күдіктілер ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Темірбанктен» 37 млн. теңгені ұрлады деген күдікпен 2 азамат ұсталды. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Қылмыстық оқиғаның «мінсіз» орындалғанына қарап, із кесушілер күдіктіні банк қызметкерлерінің айналасынан торыған болатын. Тергеушілердің бұл жорамалы дұрыс болып шықты. Жедел қызмет өкілдері банктің қауіпсіздік қызметінің күдік туғызған 37 жастағы маманын ұстады. Кейін анық болғандай, ол арам ойын өзі жалғыз емес, 32 жастағы танысымен бірге жүзеге асырған болып шықты. Екі күдіктінің де Жамбыл облысы, Шу ауданының тумалары екені анықталды.

«Қазір екеуі де қылмысты жасағандарын мойындады. Олар ақшаның бір бөлігін жаратып үлгерген екен. Қалған сома материалдарға тігілді», - деді қалалық ІІД криминалды полициясының басшысы Жанболат Зиадин.

Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 175 бабының 4 тармағы бойынша (ірі көлемде өзгенің мүлкін ұрлау) қылмыстық іс қозғалды.

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы қазанда белгісіз біреулер «Темірбанк» ғимаратының бірінші қабатындағы есептік бөлмесінің есігін бұзып кіріп, 37 млн. 200 мың теңгені қолды еткен болатын.

Соңғы жаңалықтар