Темір жолды кесіп өтпек болған павлодарлықтың көлігі пойыз келе жатқанда тоқтап қалды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысының Шарбақты ауданында Toyota автокөлігінің жүргізушісі келе жатқан пойыздың жолын кесіп өтпек болған, алайда оның қозғалтқышы өшіп қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«24 наурызда әлеуметтік желілерді мониторингілеу кезінде kolesa_pavlodar парақшасында пойыз машинисінің шұғыл тоқтауға мәжбүр болғаны жайлы бейнеролик жарияланды. Себебі пойыз жолында автокөлік тұрып қалған», – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Оның айтуынша, бұл факті Павлодар облысы Шарбақты ауданының полиция бөлімінде тіркелген және ол бойынша тексеріс жасалған.

«19 наурызда Шарбақты ауданы Алексеевка ауылындағы темір жолдың 544-ші шақырымында Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі жол жүру ережесін өрескел бұзып, бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамастан өте шықпақ болған. Жүргізуші өтуге үлгеремін деп ойлаған, бірақ дәл өткелде көлік тоқтап қалды», – дейді Жасқайрат Қайыров.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізуші - Шарбақты ауданының 38 жастағы тұрғыны.

Оған жол ережесін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 607-бабының 1-бөлігі бойынша он айлық есептік көрсеткіш – 29 170 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.



Соңғы жаңалықтар