Темекіні сөреден мүлдем алып тастау жоспарланған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Болашақта дүкен сөрелерінен темекі өнімдерін мүлдем алып тастауы мүмкін. Зерттеуге сәйкес, адам ондай өнімдерді көрмесе, темекі шегуге деген ынтасы азаяды,  деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Темекіге қарсы коалицияның мүшесі Жәмиля Садықованың айтуынша, бүгінде темекі өнімдерін сөреге шығаруға тыйым салу туралы ұсыныс бар. Ондайда темекіні мүлдем алып тастайды, я болмаса, пердемен жауып қояды. "Мәселен, қазір дүкен кассасына келгенде жоғары жақта темекінің түр-түрі ілініп тұрады. Жаңағы шара заңды түрде енгізілсе, барлық темекі өнімдері пердемен жабылады. Себебі адам темекіні көргенде шегуге деген ынтасы артады. Ресей аталған шараны енгізді. Ол жақта барлық темекіні пердемен жауып отырады. Сатып алушыға темекінің тізімі беріледі. Сол жерде бағасы да, маркасы да жазылады. Осылайша, таңдау құқығы беріледі. Бізде осы іспетті шараны қолдану үшін қазіргі заңнамаға түзетулер енгізу керек. Көреміз, жылдың соңына дейін денсаулық сақтау министрлігі темекі өнімдерін жауып отыруға қатысты өзгерістерді дайындап шығаруы тиіс. Одан кейін Парламент бар", - деді Ж.Садықова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде темекімен күрес саласындағы ең тиімді шара ол - акциздерді көтеру. Соның арқасында темекіні тұтыну көлемін 50 процентке азайтуға болады. "Одан кейін қоғамдық жерлерде темекі шегуге тыйым салу шарасы келеді. Сосын қораптарға қорқынышты суреттерді орналастыру бар. Ал темекі өнімдерін сөреден алып тастау, жаңағы перделерді қолдану - бұның барлығы қосымша шаралар", - деп атап көрсетті Ж.Садықова.

Соңғы жаңалықтар