Темекі шеккен ресейлік бойжеткен «Шереметьево - Нұр-Сұлтан» рейсінен түсірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көлік полицейлері әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген «Шереметьево-Нұр-Сұлтан» әуе рейсінен Ресей Федерациясының азаматын түсіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Көліктік полиция департаментіне сілтеме жасап.

Осы жылдың 4 маусымында Нұр-Сұлтан қаласы полициясының желілік бөліміне «Эйр Астана» әуе компаниясы өкілінен хабарлама келіп түскен. Компания өкілі «Шереметьево-Нұр-Сұлтан» бағытындағы рейсте құқықбұзушының бар екенін хабарлаған.

Тексеру кезінде көлік полицейлері 34 жастағы РФ азаматшасының бортта темекі шеккенін анықтаған. Әуе кемесі командирінің құжаты бойынша әлгі әйел аталған рейстен түсірілген. Осыдан кейін оның үстінен әкімшілік құқық бұзу жөнінде хаттама толтырылып, 63 125 теңге айыппұл салынған.

Департаменттің әкімшілік заңбұзушылықтар жөніндегі басқарма бастығы Жасұлан Байкеновтың айтуынша, осы жылы көлік полицейлері 26 мың адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде 1894 адамның үстінен темекі шеккені үшін хаттама толтырылған.

«Әуе кемесінде ұшу кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы салдарынан қатерлі жағдай туындаса, айыпкерге 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Немесе ол 15 тәулікке қамалады», - дейді полиция подполковнигі.

Фото: © Flickr/jnd_photography/Be OH be

Соңғы жаңалықтар