Темекі өнімдеріне акцизді көтеру контрафактілік өнімдердің көбеюіне әкеледі - сарапшылар

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қоғамдық ұйымдардың темекі акцизінің ставкасын көтеріп, темекінің бағасын қымбаттату туралы бастамасы нарықта контрафактілік өнімдердің көбеюіне әкеледі. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен жиын барысында сарапшы экономистер мәлімдеді. Айта кету керек, мұндай идеяны «Темекі түтінінен азат Қазақстан» ұйымы осыдан бірнеше апта бұрын көтерген болатын.

Мамандардың айтуынша, мұндай қадам темекі саудасындағы қылмыстық элементтің қатысын арттырып, заңды жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлердің шаруасын құлдыратады.

«Банкротқа ұшырамас үшін кәсіпкер контрафактілік өнімді сатуға мәжбүр болады. Өйткені, оның бағасы арзан. Бұл заңбұзушылыққа, көлеңкелі экономиканың басымдығы артуына әкеледі. Бұл заңды бизнеске кесірін тигізеді», - деді ҚР Сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Нұрсадық Әбішев.

«Жемқорлыққа қарсы бизнес» альянсының басшысы Денис Кривошеев темекі шегетін адамдардың саны мұнымен азаймайтынын айтты.

«Егер, орта есеппен темекі акцизі 3 есеге көтерілсе, бір қорап темекінің құны 1000 теңге болады. Ал, қара базарда кейбір белгілі темекілердің қырғыздан келген контрафактілік өнімдері толып жүр. Оған өзіміз көз жеткіздік. Олар бірнеше есе арзан болғандықтан, халық соны алады. Бірақ, сапасыз өнімнен денсаулыққа қанша зиян келіп жатыр?!», - деді Д.Кривошеев.

Мәскеулік маман Наталья Корниенко акциздердің бағасы ЕАЭО шеңберіндегі елдердің өзара келісімімен көтерілуі керек деп санайды.

«Қазіргі таңда 2020 жылға дейін акциздік өнімдердің ставкалары реттеліп жатыр. Бұл 5 елдің ставкаларын біріздендіруге септігін тигізіп, контрабандалық бизнеске тұсау болады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар