Темекі эпидемиясынан жыл сайын 8 млн астам адам қайтыс болады

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүкіл әлем жұртшылығы жыл сайын 31 мамырда 1988 жылы ДДҰ ресми түрде жариялаған Дүниежүзілік темекісіз күнді атап өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Темекі эпидемиясы – адам денсаулығы үшін ең зор қауіптің бірі. Жыл сайын темекі эпидемиясынан 8 миллионнан астам адам қайтыс болады. Олардың 7 миллионнан астамы – темекі тұтынушылары мен бұрынғы тұтынушылары, ал 1,2 миллионнан астамы – темекі шекпейтіндер.

Темекі шегуден бас тарту қиын болуы мүмкін, әсіресе пандемиядан туындаған қосымша әлеуметтік және экономикалық күйзеліске байланысты, бірақ мұны істеудің көптеген себебі бар. Темекіні тастаудың артықшылықтары бірден сезіледі. Темекі шегуді тоқтатқаннан кейін 20 минуттан кейін жүрек соғу жиілігі төмендейді. 12 сағаттың ішінде қандағы көміртегі тотығының деңгейі қалыпты деңгейге дейін түседі. 2-12 аптаның ішінде қан айналымы жақсарады және өкпе қызметі қалыпқа келеді. 1-9 айдың ішінде жөтел мен ентігу азаяды. 5-15 жылдың ішінде инсульт қаупі темекі шекпейтін адамның қауіп деңгейіне дейін төмендейді. 10 жылдың ішінде темекі шегетін адамдардың қаупімен салыстырғанда өкпенің обырынан өлім қаупі шамамен екі есе азаяды. 15 жылдың ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі темекі шекпейтін адамның қауіп деңгейіне дейін төмендейді.

Темекі шегу немесе балалардың арасында электронды темекіні пайдалану олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

Темекі шегетін балаларда өкпе қызметі жиі төмендейді, оның салдары – ересек жастағы созылмалы респираторлық аурулар.

Балалардың денсаулығына елеулі қауіп электронды темекі сұйықтығының әсерінен болады. Құрылғылардың ағуы және балалардың сұйықтықты жұту қаупі бар.

Темекі шегу терінің, тырнақтың, шаштың жағдайын нашарлатады, тістерді бұзады, ауыздан, киімнен жағымсыз иіске әкеледі. Темекі шегу өкпенің қатерлі ісігі, инфаркт сияқты жиі өмірге сәйкес келмейтін аурулардың дамуымен тікелей байланысты.

Жыл сайын бұл күні түрлі іс-шаралар өткізіледі: темекі шегудің зиянды әсері туралы халықтың хабардарлығын арттыруға және темекі шегуден бас тартуды насихаттауға бағытталған ашық есік күндері, акциялар, конференциялар, дәрістер, көрмелер, челлендждер.


Соңғы жаңалықтар