Темекі бұйымдарына акциз маркаларының орнына штрих кодтар қолданылады
2022 жылғы 26 қаңтар 12:47

Темекі бұйымдарына акциз маркаларының орнына штрих кодтар қолданылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда темекі бұйымдарын таңбалауда акциз маркаларының орнына штрих кодтар қолданылады. Штрих кодтарды темекі бұйымдарының өндірушілері мен импортерлары жапсыруы қажет. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство ақпаратына сәйкес, Салық кодексінің 142-бабының 17-тармақшасында «акциздік маркалар» термині «сәйкестендіру құрылғыларына» ауыстырылды. Аталған норма 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енді. Сәйкестендіру құрылғылары – бұл штрих код түрінде ұсынылған немесе радиожиілік белгісіне жазылған немесе автоматты түрде сәйкестендірудің өзге құралы (технологиясы) пайдаланыла отырып ұсынылған, машинамен оқылатын нысандағы символдардың бірегей тізбегі.

«Өз кезегінде, темекі өнімдерін таңбалау өндірілген сәттен бастап, импорт қоса алғанда, қадағалау мүмкіндігін береді. Осындай таңбалаудың арқасында тұтынушыларға сатып алынатын тауарлар туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік берілді.

Осылайша, акциз маркалары алынып тасталуына байланысты, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап темекі өнімдері тек қана сәйкестендіру құрылғыларымен таңбаланады. Алкоголь өнімдеріне қатысты, оларға осыған дейін қолданылғандай есептік-бақылау маркалары жапсырыла береді», - деп атап өтеді комитеттен.


Jańalyqtar

MURAǴAT