Темекі акцизін Ресейдің деңгейіне көтерсе, баға қалай өзгереді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда темекі акциздерінің құнын көрші Ресейдің деңгейіне дейін көтеру көзделіп отыр. Ал салықтың мөлшері артса, баға да көтеріледі. ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген сарапшылар темекі бағасының қалайша өзгеретінін айтып берді.

Дүниежүзілік банктің сарапшысы Полина Кузнецованың айтуынша, Қазақстанда темекі акциздерін көтеру бойынша арнайы зерттеу жүргізілді. Сол кезде салықты арттыру арқылы темекі өнімдерінің бағасын Ресейдің, тіпті Еуропаның деңгейіне көтеру мәселесі зерделенді.

"Негізі, екі сценарий де Қазақстанға келеді. Себебі бюджетке біраз ақша түседі. Акциздік түсімді 310 млрд теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік бар. Ал, ең бастысы, xалықтың денсаулығы жақсарады, темекі шегетіндер азаяды. Мәселен, 2021 жылға дейін Қазақстан өз акциздерін Ресейдің деңгейіне көтерсе, онда бір қорап темекінің бағасы 530 теңгеге дейін артады. Еуропаның талаптары бойынша 650 теңге болады. Ал жыл сайын акцизді тек 10 процентке ғана көтеріп отырса, үш жылдан кейін бір қорап темекінің бағасы қатты қымбаттамайды. Демек, олай жұмыс істеген тиімсіз", - деді П.Кузнецова.

Оның айтуынша, жыл сайын темекі акциздерінің индексациясы 30 проценттен төмен түспеуі керек. Әйтпесе, аталған дертке қарсы барлық шаралар тиімсіз болады.

Ал Темекіге қарсы коалицияның мүшесі Жәмиля Садықованың айтуынша, Ресейдің деңгейіне жету үшін темекінің 1000 данасына салынатын акциздің мөлшері 12 500 теңге болуы қажет. "1000 дана темекіні 20-ға бөлсек, 50 қорап шығады. Енді, 12 500 теңгені 50-ге бөлсе, бір қорап темекінің салығы болады. Ол - шамамен 250 теңге. Темекі өндірушілері оған өз бағасын қосады. Сонда Ресейдің бағасы шығады", - деді Ж.Садықова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Сарапшының атап өтуінше, бүгінде Қазақстанда темекі акциздері 7 500 теңгені құрайды. Демек, бір қорап темекінің салығы 150 теңгені құрайды. Темекі өндірушілері оған өз бағасын қосқаннан кейін аталған өнімдердің құны 320 теңгеден жоғары болады. "Негізі, темекінің бағасы 700 теңгеден жоғары болуы тиіс. Тіпті, 1000 теңгеге дейін қою қажет. Бірақ бізде акциздік өсімнің орташа деңгейі 30 процентті құрайды. Аталған көрсеткішті әлі арттыру қажет", - деді Ж.Садықова.

Соңғы жаңалықтар