Телемедицина орталығының пандемиямен күресте үлесі қандай

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда телемедицина орталығының реаниматологтары пандемия басталғалы бері 2 мың рет кеңес беруге шыққан. Бұл туралы бүгін онлайн брифинг барысында Реанимациялық жұмыс және COVID-19 жұқтырған науқастарды емдеу мәселелері бойынша Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас реаниматолог-анестезиологы Тілеуберді Қуандықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің мамандар пандемия басталғалы бері 2 мың шақыруға шықты. Өте ауыр халдегі 5 мың науқасқа кеңес берді. Видеобайланыс арқылы 100 конференция өткізді. Осы жұмыстардың арқасында шілде айының ортасынан бастап коронавирустан адам өлімі төмендей бастады», - деді Тілеуберді Қуандықов.

Оның айтуынша, қазір Алматыда 11 инфекциялық стационар жасақталған. Қажеттілік болған жағдайда бұл стационарлар қарқынды терапия бөліміне айнала алады.

«Бұл стационарда 250 реанимациялық төсек бар. Тағы 150 төсек екінші толқын болған жағдайда резервте тұр. Бүгінде реанимациялық орындар аса толмаған. Тәулігіне 20-30 адам ғана түседі. Қазір Алматыда 15-20 адамның жағдай өте ауыр немесе тұрақсыз деп бағаланып отыр», - деді Тілеуберді Қуандықов.

Маман көбінесе қарқынды терапия бөліміне 65 жастан асқан азаматтар түсетінін жеткізді.

«Олардың көпшілігінде қосарланған созылмалы диагноздары бар. Бүйрек, жүрек жеткіліксіздігі, қант диабеті, инсульт алған тағы басқа науқастарда коронавирус бары кейін анықталып жатады», - деді Т.Қуандықов.

Жансақтау бөлімінде жатқан науқастардың жартысы – әйелдер, жартысы - ер адамдар.

«Олардың 30 пайызы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Қайтыс болған науқастардың көпшілігінде жүрек-қантамыр ауруы, қант диабеті, цирроз, онкологиялық аурулар, аутоиммунды дерті бар болып шыққан. Кейде өте қарт кісілер, физиологиялық мүмкіндігі аз адамдар да көз жұмады», - деді Тілеуберді Қуандықов.


Соңғы жаңалықтар