Телекөпір: Жамбыл облысында «Бурное Солар-2» күн электр станциясы іске қосылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбылда Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір аясында «Бурное солар- 2» күн электр станциясы өз жұмысын бастады. Бұл бұған дейін жұмыс істеп тұрған күн электр станциясының екінші кезеңі болып есептелінеді. Осы бойынша станцияның қуаты екі есеге артып, 100 Мвт-қа кеңейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жобаның құны 25 миллиард теңгені құрайды. Құрылтайшы «Samruk Kazyna - United Green» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Станцияда «jinko Solar» (ҚХР) компаниясының 185 174 фотоэлектрлік модулі, Sungrow (ҚХР) өндірісінің 16 инверторлық станциясы орнатылған.

Айта кетейік, станцияның құрылыс кезеңінде 300-ге жуық жұмысшы тартылған болатын. Ал пайдалану кезеңінде 45 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы Мемлекет басшысына тікелей бейнебайланыс арқылы жоба жетекшісі, серіктестіктің бас директоры Нұрлан Қапенов айтып берді.

Оның айтуынша, жоба электр энергиясын өндірудің экологиялық таза әдісін қарастырады. Электр энергиясының жылдық болжамды өндірісі 78,2 млн кВт*сағ құрайды, бұл шамамен 40 мың тұрғын үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жылына 95 мың тоннадан астам СО2 шығарындысының алдын алады. Күн электр станциясы елімізде, оның ішінде облыста электр энергиясының тапшылығын жабуға үлкен үлес қосады. Орталық Азиядағы ең ірі КЭС болып табылатын жоба электр энергиясын өндірудің экологиялық таза әдісін қарастырады. Жарық күні 660-680 мың кВт/сағ шамасында өндіре алады. Бұл 80 мың тұрғын үйді энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы.

Елбасының пәрменімен іске қосылған күн электр станциясы Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылының маңы, Батыс Қытай - Батыс Еуропа автомагистралінің бойында орналасқан. Екінші кезеңде салынған нысанның аумағы 74 гектар жерді алып жатыр.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес баламалы жолмен электр қуатын өндіру ісі бойынша Жамбыл облысы республика өңірлері ішінде көш бастап келеді. Бүгінде облыста күннен, желден және судан энергия өндіретін 168 мегаваттық 10 станция бар. Оларда облыс халқы тұтынатын электр энергиясының 16 пайызы өндіріледі. 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу көзделуде.


Ғибрат Сембай

Соңғы жаңалықтар