Теледебат: Кандидаттар сайлауалды бағдарламасын таныстырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлер арасындағы тікелей эфир арқылы өтіп жатқан телевизиялық пікірталастың алғашқы туры аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

null
«Қазақстанның экономикалық даму басымдықтары» атты алғашқы раундта «Nur Otan» партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, сабақтастыққа, әділдік және өрлеуге ден қойылып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бағдарлама халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізуді көздеп отыр. Бағдарламада аталып өткендей, алдағы уақытта отандық бизнеске және отандық өнімдерді арттыруға ден қойылады. Ауыл шаруашылығының серпінін дамытып, инфрақұрылымды жақсартуға көңіл бөлінеді.
null

Ал «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының үміткері Төлеутай Рақымбековтың атынан келіп отырған Әли Бектаев өз сөзінде партия бағдарламасында азық-түлік қауіпсіздігіне, ауыл шаруашылығы өндірісінің әлеуетіне, ауыл шаруашылығының экспорттық потенциалына мән берілетінін жеткізді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге экспорттауға Қазақстанда толық әлеует бар.
null

Қазақстанның коммунистік халық партиясынан Жамбыл Ахметбеков өз бағдарламасында Қазақстанның қаражатын жымқырып, қашып кеткен олигархтарды елге әкелуге, жұмыссыздықты жоюға, халықаралық экономикалық байланыстарға маңыз берілетінін жеткізді. Жамбыл Ахметбеков өз сөзінде Қазақстанда материалдық айырмашылық біршама анық байқалатынын айтып, осы мәселені шешіп, елдің жағдайын жақсартуға барын салатынын сөз етті.
null

Ал «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен сайлауға түскен Сәдібек Түгел өз бағдарламасында жемқорлықты жоюға баса маңыз берілетінін айтты. Оның айтуынша, мұнай-газдан түскен пайда әрбір қазақстандыққа бөлініп берілуі тиіс. Сондай-ақ, қазақ жастарының жағдайына маңыз беру керек. Жұмыссыздық мәселесі реттелуі тиіс.
null

«Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінің кандидаты Әміржан Қосанов ел экономикасында екі маңызды мәселе барын атап өтті. Ол - нарықтық монополизм мен олгиархизм. Оның айтуынша, Қазақстан қазір мұнай бағасына байланып қалған. Әміржан Қосанов өз сөзінде бизнестің аяғын тұсап отырған 4 кедергіні атады. Өз сөзінде атап өткендей, экономикалық саясатты халықтың өзі тікелей айқындап, қай партияны, қандай экономикалық саясатты қолдайтынын өзі шешуі керек.
null

«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының үміткері Дания Еспаеваның атынан Азат Перуашев сөз сөйледі. Партия бағдарламасын таныстырған ол ең алғашқы талап - адал бәсекелестікті қалыптастыру екенін атап өтті. Ұлттық компаниялардан басымдықты алып тастап, жеке кәсіпорындарға қолдау көрсету керек дейді ол. «Ақ жол» партиясы отандық кәсіпорындарды қолдауды көздеуде. Перуашев Алаш қайраткерлері айтқандай, «жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы байлық - әр қазақтың пайдасына жарауы керектігін» атап өтті.
null

«ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов бизнестің дамуында мемлекеттің араласуын азайту, ауыл шаруашылығымен айналысуға ынталы азаматтарға алғашқы бес жылда салық салмау, жастарды жатақханамен қамту мәселесін көтерді.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлер арасындағы тікелей эфир арқылы телевизиялық пікірталас «Хабар» арнасында 18.00-де басталды.
null

Еске сала кетсек, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президенттігіне 7 кандидатты тіркеген болатын. Олар: «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен Сәдібек Түгел, «Nur Otan» партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаева, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рақымбеков, Қазақстанның коммунистік халық партиясынан Жамбыл Ахметбеков және «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінен Әміржан Қосанов.

Соңғы жаңалықтар