+7 (701) 759 90 19
USD 445.84 EUR 490.47
RUB 5.73 CNY 62.87
Jańalyqtar

Телеарнадағы арулар: Журналистика адам мен қоғамның жан-дүниесінің айнасы

2020 жылғы 7 наурыз 22:16
Бөлісіңіз:
Телеарнадағы арулар: Журналистика адам мен қоғамның жан-дүниесінің айнасы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Журналист – ол билік пен қоғамның барометрі. Парызы мемлекеттік қызметкерлердің қоғам алдындағы міндеттерін еске салып, қадағалап отыру. Ал өз көрермендері мен оқырмандарына қоғамның үнемі дамуындағы кездесетін қиындықтарға бой бермей соқпақты жолдарда үміттеріне сенім отын жағу. Осы тұрғыда аудиторияны ең көп қамти алатын алаң – ол телевизиядағы ток-шоу бағдарламалар.

Ұқсас жаңалықтар
Алматыда жеткізу сервисі түнгі 10-ға дейін жұмыс істейтін болады Өнер адамдары онлайн концерт беріп, дәріс өткізуде Өскемендегі барлық сауда орындары жабылатыны жайлы ақпарат жалған – әкімдік

Елбасы Н. Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық программалары негізінде Үкімет тарапынан қолға алынған іс-шаралар аз емес. Солардың қалай орындалып жатқанын айтып, көрсету мемлекеттік телеарналар үшін міндет. Халыққа пайдасы тиер талай Үкіметтік игілікті істерден ел тұрғындары көбіне бейхабар қалатындығы белгілі. «Qazaqstan» Республикалық Телерадиокорпорациясы Акционерлік Қоғамына қарасты еліміздегі бірінші Ұлттық телеарнасының «Ашық алаң» және «Ниет» бағдарламалары осы олқылықтардың орнын жауып отыр.

Бастысы осы телевизиялық бағдарламаларды эфирге дайындап шығаратын шығармашылық топтың негізгі құрамы меркелерінде ерекше сұлулана түсетін қыз-келіншектер. Елдің болашағына алаңдайтын, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қоғамдық істерге белсене араластын, ашық қоғамды қалыптастыру мақсатында өз ойларын анық жеткізіп, телеэфирде көрермендеріне жігер мен қайрат беріп жүрген әріптестерімізге журналистика жолындағы үлкен табыстарға жетулеріне тілектеспіз. Осы орайда арнаулы тілшіміз «Ашық алаң» және «Ниет» бағдарламаларының жетекшілері, танымал телепродюсерлер Айзада Жаманқұлова және Сәуле Смаиловамен сұхбаттасқан еді.

Алдымен әңгімеміздің әлқиссасын Сіздер дайындайтын бағдарламалардың мақсатын білуден бастасақ?

Айзада Жаманқұлова: «Ашық алаң» ток-шоуының басты мақсаты ҚР Президенті Қасым - Жомарт Тоқавтың «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа жолдауына ақпараттық қолдау көрсету. Бұдан бөлек, елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жобаларды мемлекеттік ақпараттық саясат аясында халыққа жеткізу. Яғни, қоғамдық, саяси-әлеуметтік мәселелер, ел өмірінде айрықша орын алған оқиғалар, іс-шаралар жедел, ізін суытпай ток-шоуда талқыға салынады. Ол үшін кез-келген мәселеге қатысы бар барлық мүдделі тараптар пікір алмасады. Бағдарламаның басты мақсаты қоғам мен билік арасында алтын көпір болу. Қоғамды толғандырған мәселені оңтайлы шешу үшін мемлекеттік органдар мен халықтың арасында диалог құру, бағдарлама тақырыбына байланысты ортақ шешімге келу. Сондай-ақ, ток-шоуда аудиториямен интерактив жолға қойылған. Еліміздің кез-келген тұрғыны бағдарлама барысында телефон арқылы сұрақ қойып бағдарламаға қатыса алады. Бұдан бөлек, ток-шоу Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде тарайтын болғандықтан осы алаңда да көрермендер өз пікірлерін білдіріп, сұрақтарын жолдай алады. «Ашық алаң» ток-шоуы басталғаннан бері эфирге жүз елуге жуық бағдарлама шықты.

Сәуле Смаилова:

«НИЕТ» ток –шоуының мақсаты қоғамдағы түйіткілді мәселелерді көтере отырып, көмек сұрап келген адамның проблемасын шешуге қолғабыс жасау, өзгелерге үлгі болатын, ой салатын тағдыры бар жандардың өмір жолын көрсету. Қазіргі кезде өзекті проблемаға айналған отбасылық келіспеушілікке тап болған жұбайлардың мәселесін көтеру, өмірлік жарын тапқысы келетін жандарға жәрдемдесу. Ол үшін кәсіби мамандар, жағдайы бар азаматтар, басқаның тағдырына бейқам қалмайтын көпшілікпен қоян – қолтық жұмыс жүргіземіз. Осынау жоспарларымыздың шашауын шығармай орындау мақсатында әр шығарылым бір тақырыпқа арналады. Сол тақырыпқа қатысы бар қонақтарымыз, ал көтерілген жәйт қоғамдық проблема болса, соған тап болған бір немесе үш-төрт кейіпкер эфирге шақырылады.

Бір не бірнеше кейіпкердің тағдыры арқылы қоғамда маңызы бар мәселелер талқыланады. Бүтіндей бір отбасы мүшелерін студияға кезекпен шығарып, олардың өмірлерінде орын алып жатқан қиындықтарын талқылап, жеңілдетуге не шешімін табуға көмектесу мақсатында арнайы сарапшылар әңгімеге тартылады. Тікелей эфирдегі «НИЕТ» ток –шоуы үш драмалық құбылыс қағидасы бойынша өрбіп, соңында оң нәтижеге жетуді көздейді. Бұл тұрғыда жаңа кейіпкерді, бұрын белгісіз болған фактілерді табамыз. Барлық жағдайларды егжей-тегжейлі зерделеуге негізделген сараптамалық қорытынды жасалып, студиядағы қонақтарға білмейтін белгісіз бейне немесе дыбыстық материалдарды шығарамыз. Ол журналистік түсірілім, жасырын камера, тірі бейне, бейнебақылау камераларынан алынған бейне болуы мүмкін. Сондай жағдайда қонақтарымыз ашылып, мейілінше жүректеріндегі сөздерін айтады.

- Өткенде ұзақ жылдар журналсит болған ақсақалдың уақыт туралы былай деген еді: «Бір жылдың қадірін білгіңіз келсе, 70-ке келген қариядан сұраңыз. Бір айдың қадірін білгіңіз келсе, 8 айлық сәбиді дүниеге алып келген анадан сұраңыз. Ал, бір аптаның қадірін білгіңіз келсе, апталық журнал шығаратын журналистерден сұраңыз». Сіздер аптасына қанша бағдарлама дайындап, эфирге шығарасыздар?

Айзада Жаманқұлова:

Аптасына 5 рет, дүйсенбі -жұма аралығында Ұлттық арнаның тікелей эфирінде сағат 20.30 - дан 21.30-ға дейін көрермендерімізбен сырласамыз. Бізді эфирден тамашалап отырған жұртшылық эфирімізге қоңырау шалып, өз ой-пікірлерімен бөлісе алады. Сонымен бірге әлеметтік желі Фейсбукте тікелкей трансляциямыз бар. Бүгінге дейін бағдарламамызға 700-ден астам адам түрлі мамандық иелерінің эксперттері қатысыпты. Бұл спикерлердің қатарында Білім және ғылым министрі мен Денсаулық министрі болды. Министрлердің орынбасарлары мен Парламент депутаттары бізді «Ашық алаңның» тұрақты сөзұстарлары. Әрине, біздің эфирге шығып, өзекті де ойлы пікірлерін ортаға салған азаматтарды кейінен үлкен билік дөңгелек үстелге шақырып жатқандарын көріп іштей қуанып қаламын. Осындай сәттерде билік пен халық арасындағы қарым-қатынастың қалыптасуына үлесіміз байқалғанын көріп мерейіміз өседі. «Ашық алаңның» сөзі естуге ұмтылған Үкіметімізге еркін жетіп жатқанын білеміз. Және атқарушы билігіміздің біздің эфирде айтылған сындарлы пікірлерден қажетті ойларды іріктеп алып жатқанын да байқап, жұмысымызға деген ері-жігеріміз арта түседі.

Сәуле Смаилова:

«НИЕТ» аптасына бес рет шығады. Тікелей эфирде екі сағат боламыз. Сіз айтқан ақсақал журналист ағамыз біз үшін де құрметті. Ол кісілер уақытты апталап есептесе, біздікі күн, сағат, минут болып зырылдап жатыр.

Әр бағдарламамыз 3 бөлікке тұрады. Әр бөлімде 3-4 анонстық аңдатпа, 1-2 таныстырылымдық сюжет, 2-3 тақырыптық бейнематериал болады. Керек болған жағдайда студияда эксперимент жасалуы мүмкін. Бағдарлама соңында келген қонағымызға қандай көмек керек, оған көпшілік болып қандай жәрдем ұсына аламыз, осы тарапта сарапшылар мен студия қонақтары арасында пікір талас өтеді. Күн сайын бір адамға қолғабыс жасасақ деген ниетіміз орындалғанда ерекше қуаныш сезімінде көзіме жас келеді. Адамдар бір –бірімізді қолдап, қорғап, шамамыз келгенше қол ұшымызды берсек, мынау аппақ дүниеде бәрімізде бақытты өмір сүрер едік деп ойлаймын.

Сіздерді телевизия саласында айтарлықтай үлкен нәтижеге қол жеткізген телемаман деп санаймын. Журналистка саласында Сіздер салған соқпақпен жүретіндер де баршылық. Соларға айтар ашық алаңдағыдай тілектеріңіз бен ізгі ниеттеріңізді бөлісе отырсаңыздар.

Айзада Жаманқұлова:

Мен үшін журналистика - өмір тағлымы десем артық айтқандық емес. Қазіргі замандағы журналистика дегеніміз бізді эфирден тамашалайтын көрермендерімізге күнбе – күнгі толассыз ақпаратты берумен бірге, олардың таным-түйсігі мен ой - өрісіне ықпал етуші құралға айналды. Мен өзімнің телевизиядағы өмірімде ұжымымдағы әріптестеріме осынау журналистиканың замана талабына сай қалыптасқан нақты тәжірибелерінің тәлімінен үлгі алуға бағыттаймын.

Тележурналистің міндеті мен парызы баршамызға белгілі. Ол өз аудиториясына нақты информацияны жеткізу. Біздегі жағдайда билік тарапынан жасалып жатқан игілікті істерден ілгері ұмтылмақ ағайындарымыздың қағыс қалмауы.

Журналист өзінің әлеуметтік мақсатын сезінуі керек. Бұл мамандықтың өкілдері жоғары әділдік сезіміне ие болуы міндет деп ойлаймын. Олар қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстарды қамтамасыз етеді. Журналист әртүрлі ақпаратты қабылдауға және көптеген салаларда құзыретті болуға, материалға терең енуге, белгілі бір энциклопедиялық сипатқа ие болуға дайын болуы керек. Журналистің басты сапасы - қызығушылық, таң қалдыру және ақпаратты бейтараптандыру. Ешқашанда эфирге шықтым екен деп жеке мүддені бірінші орынға шығармау. Эфир айна. Ондай жағдай бірден байқалады.

Кез келген кісіні журналистикаға үйрету мүмкін емес. Журналистика мамандығы адамның ішкі жан-дүниесінің айнасы. Эфирде отырғанда көрермендеріне жоғарыдан қарасаң ұтылғаның. Мәселе, экранның ар жағында сізді қарап отырған адамның жанында әңгімелескендей әсер қалдыруыңыз керек. «Ашық алаң» ток–шоуында осыны жүзеге асыруға барынша күш салып келемін. Көрермендеріміздің көзайымына айналсақ қуаныштымыз. Бәсекелес телеарналар арасында танымдылыққа тек тынбай еңбектенумен жетеріміз аян. Бұл мен үшін күн сайын өтіп жатқан жол. Тынбай ізденіс, оқу, жалықпай жұмыс істеу – бұл менің ғұмырымның мағынасы. Күн сайын тікелей эфирде режиссеріміздің жанында студияда отырамын. Журналистика дегеніміз бүгінде таңнан түнге дейін жұмыста жүру. Тек жүріп қана қоймай өзіңді өзін дамыту.

Сәуле Смаилова:

Журналист болмақ ниеттегі сіңлілеріме қатысты бұл сұраққа жауап беру әруақытта қиын болған және одан әрі қиындай береді. Өйткені, бір БАҚ- ты айтпаймын, бір бағдарламаның мойнында қаншама жүк бар? Ол-ақпарат беруші, ол – шындықты айтушы, ол – имидж жасаушы, ол - бизнес құралы, ол – көмек сұрап үміттеніп қол созғандарға қолғабыс жасау, ол – жаңалық іздеуші, ол – баспасөз қызметі, ол – спичрайтер, ол – редактор, ол – тілші, ол – терминдердің мағынасын іздеуші. Басқа елде қалай екенін қайдам, біздің «НИЕТТЕ» дәл осылай. Енді осылардың ішінен журналистің міндеті мен қоғамдағы орнын дәл тауып көріңіз.

Өзім жетекшілік жасайтын «NIET» әлеуметтік-отбасылық ток-шоу бағдарламасында қоғамдағы түйіткілді, отбасылық мәселелерді кейіпкерлер арқылы көрсетіп, солардың шешімінің табылуына дәнекер болу, кейіпкерлердің тағдыры, өмір жолы арқылы халыққа ой салу, аз да болса құқықтық-қаржылай сауатын көтеру. Кәсіпкерлерді, мамандарды, сарапшыларды тарта отырып, мұқтаж жандарға демеу көрсетуге тырысамыз. Бұл жерде біз құқықтық, психологиялық қолдау білдіреміз. Мұның бәрін бізге арнайы келген сарапшы-мамандардың көмегімен жасайтындығымызды тағы бір еске салғым келеді. Мысалы: «Қаракет» қорының көмегімен екі жалғызбасты анаға үйдің кілтін табыстадық, ауылда тұратын, ұзақ жылдан бері бала сүйе алмай жүрген, эко жасатуға қалтасы көтермейтін отбасының Салтанат Байқошқаровамен табысуына септігіміз тиді, жақында ғана әкесі анасын өлтіріп, бір-ақ күнде жетім қалған 6 баланың үлкені Аян Төлеуғазиннің өз бауырларын қамқорлығына алуына жәрдемдесіп, ол балалардың Нұр-Сұлтан қаласына бірге келгеніне шын қуанып, үй жағдайларын шешу үшін жұмыстар жасап жатырмыз, екі құлағы да естуден қалған Ақтөбелік Темірлан Романқұловтың балаларының даусын естігісі келетін арманын біліп, бірнеше қоғамдық қорларға хат жаздық. Жақында ғана «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы» қоры Темірланның құлағына ота жасату үшін арнайы квота қарастыру туралы Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырма бергені туралы хат алдық. Елге көрсетілген көмектің бәрін айтып отыру мүмкін емес, алайда осындай нәтижелер көрерменнің бізге деген сенімін оятады. Күнделікті бізге 100-ден аса адам хат жолдап, хабарласады. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік. Бізбен мұң-мұқтажын бөліскен бар адамға көмектесуге шын көңілден ниеттіміз.

Міне журналист болам дейтін азаматтар осындай істерге сай болуы керек. Барынша қоғамға, елге қызмет жасауға деген ынта –ықыласы болуы міндет

Мерекеде айтылған ашық ойларыңызға рахмет. Игі тілектеріңіз бен ізгі ниеттеріңіз орындалып, көрермендеріңіз көбейе берсін дейміз.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: БАҚ, Қоғам, Рухани жаңғыру,
Бөлісіңіз:

Автор:

Махат Садық

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
REDAKTOR
Алтынбек Кумарзак
Алтынбек Кумарзак
954-059

MURAǴAT