Тель-Авивте 80 мың адам сот жүйесін қайта қарауға қарсы шеруге шықты

None
АММАН. ҚазАқпарат - Сенбі күні кешке Тель-Авивтегі Хабима алаңына он мыңдаған шерушілер премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың жаңа үкіметіне және оның Израильдің әділет жүйесін өзгерту жоспарына наразылық білдіру үшін шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі The Times of Israel басылымына сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, алаң мен оның маңындағы көшелерге 80 мыңға жуық адам жиналды, олардың көпшілігі Тель-Авивке елдің түкпір-түкпірінен жалға алынған автобустармен келген. Шерулер Иерусалим мен Хайфада да өтті.

Полицияның ескертуіне және Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвирдің тәртіпсіздіктерді жоюға шақырғанына қарамастан, демонстранттар мен сақшылар арасындағы бірнеше қақтығыстарды айтпағанда, жалпы наразылық бейбіт түрде аяқталды. Наразылық білдірушілердің қолдарында «Қылмыстық үкімет», «Демократияның аяқталуы» және басқа да ұрандар жазылған Израиль жалаулары мен транспаранттар бар.

Беньямин Нетаньяху бастаған Израильдің жаңа үкіметі екі аптадан астам уақыт бойы билікте. Саясаткер елдің заң жүйесін қайта қарауды күн тәртібіндегі басты мәселе етіп қойды. Бұл қадам, белсендлердің пікірінше, елдегі тежеу ​​мен тепе-теңдіктің демократиялық жүйесін жояды.

Әділет министрі Ярив Левин бұған дейін сот жүйесін қайта қарауды ұсынған болатын. Жаңа бастама Израильдің Жоғарғы сотының сот бақылауына және судьяларды тағайындауға саяси бақылауды шоғырландыруға арналған өкілеттіктерін шектейді.

Левиннің пікірінше, соттар шектен тыс өкілеттіктерге ие болып, сайлаушылардың еркіне қарсы шешімдер қабылдайды.

Ал билік жоспарына қарсылар ұсынылған өзгерістер израильдік демократияға нұқсан келтіреді деп мәлімдейді. Израиль оппозициясының жетекшілері, бұрынғы бас прокурорлар және Израильдің Жоғарғы соты бұл жоспарға қарсы.

Нетаньяху жұмада: «Біз мұны сайлау алдында талқыладық және бұны жасауға жұртшылықтан нақты мандат алдық. Мен барлығына сабырға келіп, мазмұнды пікірталасқа кірісуді ұсынамын», - деді.

Айта кетейік, Нетаньяхудың өзі 2016 жылдан бері сот тергеуінде болды, оған әлі де сыбайлас жемқорлық және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр.

Енді сот жүйесіндегі өзгерістер Нетаньяхуға сотталудан құтылуға немесе тіпті оның сот процесін толығымен жоюға көмектесуі мүмкін. 2019 жылы айып тағылған соң, Нетаньяху сот төрелігі оған біржақты қарсы екенін айтты.

Наразылық акциясына қатысқандардың арасында Израильдің әртүрлі партияларының, оның ішінде оппозицияның бұрынғы жетекшілері де бар.

Соңғы жаңалықтар