Текелінің тұрғындары жылдар бойы сапалы ауыз суға жарымай отыр

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысындағы Текелі моноқаласының тұрғындары жылдар бойы сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеншілер шаһары тіршілік нәрін Қора өзенінен алып отыр. Ал көктем, жаз айларында таудан еріген қар суымен бірге мәрмәр тасының ұнтағы араласып, су ішуге мүлдем жарамай қалады.

Сондықтан қала тұрғындары осы уақытта ауыз суды қайнарлардан тасып ішуге мәжбүр.

Текелі су құбыры жүйесін жоспарлы тазалау жұмысын жүргізіп, халықты бір күн бойы ауыз сусыз қалдырған.

Бірі жаяу, бірі көлікпен қала ортасындағы бұлақтың суын ыдыстарына толтырып алып амалдайды.

«Кранның суы ішуге жарамайды, келмейді. Қыста былай тазарғанымен көктем уақытында су ерігеннен кейін мәрмәр араласып келеді де, ағызған кезде әппақ су ағады. Ұн араласқан сияқты көрінеді. Сондықтан осы бұлақтан алып ішеміз»,- дейді Текелі қаласының тұрғыны Роллан Жансұлтанов.

Текелі қаласының ауыз су мәселесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өңірге барған сапарында көтерген.

Қазіргі таңда 6 мың текше метрлік жаңдан су жинайтын резервуар салынып, қалаға 15 шақырым құбыр тарту жұмыстары жүріп жатыр.

Жоба құны - 1 млрд теңгеге жуық.

Былтыр басталған жұмыстар биыл күзде аяқталуы тиіс. Қазіргі таңда жоспардың 45 пайызы орындалған.

30 мың тұрғыны бар моноқалада мұнан бөлек Шажа өзенінен құбыр тартып, орталық су жүйесін көктем жаз айларында таза сумен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынған.

«Шажа өзенінен су құбырын тартып жатырмыз. Ұзындығы төрт шақырым болады. Соның екі шақырымын бітірдік»,- дейді Текелі қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ғалым Қызылбасов.


Соңғы жаңалықтар