Текелінің әкімі вандалдарды ұстап бергендерге смартфон сыйға тартады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев қоғамдық орындарды қиратып, ластайтындарды  ұстап бергендерге ерекше тарту жасамақ. Шаһар басшысы осындай жайтқа куә болып, арнайы видео не болмаса суретке түсіріп алған жандарға Samsung ұялы телефонын сыйға тартпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қазір қала әкімінің жаңа бастамасы жайлы әлеуметтік желіде жарияланып, көпшілік жаңалықпен бөлісіп жатыр. Ал Бақтияр Алтайұлы мұндай бастаманы қолға алуға Текелідегі соңғы жайттар себеп болғанын айтады. 

«Біздің Текеліде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне салынған ескерткіш бар. Түнгі уақытта сол жерге келіп ішімдік ішеді, темекі тұқылын толтырып, дәрет те сындырып кетеді. Бұл жағдай күннен-күнге жиілеп барады. Егер осындай әрекет жасап жүргендерді түсіріп алса, мен ол материалдарды сотқа жіберемін. Әкімшілік соттан шешім шығарады және сол монументті сол адамдарға бір апта жуғызамын. Ал түсірген адамға смартфонды халықтың алдында құрметпен тапсырамыз»,- деді Бақтияр Өнербаев ҚазАқпарат тілшісіне. null

Айта кету керек, Текелінің әкімі - әлеуметтік желіні белсенді қолданушылардың бірі. Ол осыдан үш күн бұрын ғана белгісіз біреулер көшедегі жарық шамдарын сындырып кеткенін жариялаған болатын. Ал вандализм, не болмаса қаланы ластайтындарға куә болғандар бейнежазбаларын Текелі қаласының әкімдігіне немесе жергілікті полицияға тапсыруларына болады.

Соңғы жаңалықтар