Текеліде жүкті боп қалған 10-сынып оқушысының ісін полиция тергеп жатыр

None
ТЕКЕЛІ. ҚазАқпарат - Жетісу облысында жүкті болған оқушының ісіне полиция тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүкті болған оқушы қыз Текелі қаласындағы №5 мектептің 10-сыныбында оқиды. Қазір ол баласын алдыртып тастапты.

Жетісу облыстық білім басқармандағылар баланың толық отбасынан шыққанын жеткізді.

«Текелі қалалық полиция бөлімі осы іс бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде заңды шаралар қабылданады»,- деді Текелідегі №5 мектептің директоры Жанар Жақыпбекова.

Ал қалған жүкті болған екі оқушының бірі Панфилов ауданының Үшарал ауылындағы мектепте 9-сыныпта, екіншісі Сарқан қаласындағы №1 мектеп-гимназияда 10-сыныпта оқиды.

Екі оқушы қыздың құрсағына бала біткелі үш айдан асқан. Екіқабат оқушылар мектепке келіп, сабағын оқып жүр.

«Баласының өмірі және баласының қауіпсіздігі үшін әрбір ата-ана жауапты екенін ұмытпау керек. Баланың кіммен қандай қарым қатынаста болғанын, оның және достарының кім екендігін, кешкі уақытта әлеуметтік желіде немесе басқа жерде кіммен байланысып отыр, содан кейін баланың мінез-құлқына да баса назар аударып отыру керек»,- дейді Жетісу облыстық білім басқармасының тәрбие ісі жөніндегі бас маманы Руслан Арсланов.

Білім басқармасындағылар жалпы оқушылардың осындай келеңсіз жайттарға тап болып жатқаны жасырын сауалнама, түрлі психологиялық тест арқылы анықталатынын айтады.

Естеріңізге сала кетейік, ерте жүктілік бойынша оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген дәл осы Текелі қаласындағы №8 мектептің басы дауға қалған болатын.

Себебі шараны ұйымдастырушылар балаларға жезөкшелерге берілетін ақыл-кеңес жазылған брошюраны таратып берген.

Мұны көрген оқушылардың ата-аналары жағасын ұстап, шу көтерді.

Осы даудан кейін мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары сөгіс алды, ал жезөкшелерге арналған нұсқаулықты оқушыларға таратып берген аурухана психологы жұмыстан кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ Жетісу облысында үш оқушының жүкті болғанын жарияладық.


Соңғы жаңалықтар