Текеліде лай көшкінінен қаза тапқан баланың денесі жер қойнына тапсырылды

Фото: None
ТЕКЕЛІ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысындағы Текеліде лай көшкінінен қаза тапқан баланы жер қойнына тапсырды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батпақтың арасынан табылған Жанбота Тілеуханды арнайы иттің көмегімен жеті сағаттық іздеуден соң тапқан болатын.

Анасының айтуынша, кенжесі әнші болуды армандаған.

«Жанботам ерекше ақылды, сондай сүйкімді еді. Әнші, биші боламын дейтін», - деп егіліп жылаған анасы кішкентайын соңғы сапарға шығарып салды.

Баланың жаназасы Текелі қаласындағы мешіттен шығарылды. Оған Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов пен жергілікті әкімдік өкілдері, баланың туыстары жиналды. Жерлеу рәсімін Текелі қалалық әкімдігі толықтай өз мойнына алды.

Бес жастағы Жанбота болған үйді лай көшкіні толығымен қопарған. Үйдің орны да қалмаған. Анасының бұған дейін оқиғаның қалай болғанын айтқанын хабарлағанбыз.

Естеріңізге сала кетейік, Текеліде лай көшкіні 15 мамыр күні күндізгі сағат 12:00 шамасында басталған. Таудан аққан сел бес үйді басып қалған. Олардың бірінде бес жасар Жанбота болған. Қыздың денесін құтқарушылар тек жеті сағаттан соң, арнайы дайындалған иттің көмегімен үйінді астынан алып шыққан. Бүлдіршін бір әулеттің кенжесі еді. Анасы Гүлнәр Тілеуханның айтуынша, қайғылы жағдай болады деп ешкім ойламаған. Жанбота үй ішінде алаңсыз қуыршақ ойнап отырған. Ал 12 жастағы әпкесі туыстарының үйінде болыпты. Бір-ақ күнде бес жасар қызынан да, баспанасынан да айырылған келіншек, қайғыдан есеңгіреп отыр.

Айта кетейік, Алматы облысының әкімі Текеліде лай көшкінінен зардап шеккендерге баспана берілетінін Твиттер парақшасында жазғанын хабарлаған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар