Тек бюджетке қарап отыруға болмайды – Алтай Көлгінов
2022 жылғы 6 шілде 10:30

Тек бюджетке қарап отыруға болмайды – Алтай Көлгінов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қала күніне қандай жетістіктермен жетті? Қандай жаңа нысандарды пайдалануға беру жоспарланған? Тұрғындардың тыныс-тіршілігін жайлы ету үшін нендей жағдай жасалып, құлағалы тұрған ескі үйлер қашан сүріледі? Қай көшелерді жөндеу жоспарланып отыр? Жалпы, қала тұрғындары үшін осы мерекеде қандай тосынсый болмақ? ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген қала әкімі Алтай Көлгінов осы сауалдарға егжей-тегжейлі жауап қайтарды.

- Алтай Сейдірұлы, бүгінде елорда кезекті қала күні мерекесі қарсаңында қандай жетістігімен мақтана алады?

- Сұрағыңызға рақмет! Кез келген жетістік – бүкіл мемлекеттік аппараттың жүйелі әрі жоспарлы жұмысы. Бұл сұраққа орай қолжетімді, жеңілдікпен берілетін тұрғын үй құрылысы, білім беру мекемелері сынды әлеуметтік бағытқа тоқталғым келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеуметтік баспана құрылысының көлемі айтарлықтай ұлғайды. Мәселен, егер 2018 жылы – 1 100 пәтер, 2019 – 2900 пәтер салынса, 2020 жылы әлеуметтік пәтердің саны 7 мыңға жетті. Өткен жылы бұл деңгейді 10 мың пәтерге дейін жеткіздік. Құрылыс көлеміне қатысты осы деңгейді сақтау қажет. Сонымен қатар өзге де түрлі тұрғын үй бағдарламалары, оның ішінде жастарға арналғаны да бар.

Дегенмен, тек бюджетті ғана медет тұтуға болмайды. Біз тұрғын үй құрылысына жеке инвесторларды да тартамыз. Айталық, мынадай тағы бір тетікті іске қостық. яғни, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы бизнеске жер бөліп беріп, оларға көмектесеміз. Ал олар өз кезегінде пәтерлердің бір бөлігін кезекте тұрғандарға жеңілдетілген бағамен ұсынады. Сонымен қатар құрылыс индустриясы да барынша жұмылдырылған: үй құрылысы комбинаттарымыз, темір-бетон бұйымдарын, кірпіш шығаратын зауыттарымыз және тағы басқалары.

Енді мектеп мәселесіне тоқталайын. Оқушылардың саны жыл сайын артып келе жатыр. Тек соңғы 10 жылда ғана мектеп оқушыларының саны 3 еседен астамға артты. Егер мамырда шамамен 8,5 мың бала мектеп бітірсе, жаңа оқу жылында 25 мың бүлдіршін бірінші сынып табалдырығын аттайды. Мұның барлығы оқу орындарын салу қажет екенін білдіреді. Елордада жүктемесі жоғары мектептердің санын біртіндеп төмендету үшін жыл сайын кемінде 10 білім ордасын салу қажет.

Үш жылдың ішінде 70 мың оқушы орнына шақталған 34 мектеп салдық. Биыл тағы да 20 мыңнан астам оқушы орнын жасаймыз. Мектеп қажеттілігін ескере отырып, құрылыс жұмыстарына жеке қаражатты да тартып жатырмыз.

Мұнан бөлек, медицина нысандарының санын арттыру керек. соңғы жылдары 30-дан астам «Үйдегі дәрігер» нысанын ашып, бірқатар медицина мекемесін жөндедік және қажетті медициналық жабдықтармен қамтамапсыз еттік. Әр ауданда әлеуметтік баспана, мектеп, медициналық мекеме және басқа да қажетті әлеуметтік нысандарды жоспарлаймыз.

- Сіз келгеннен кейін ұзақ жылдар күрмеуі шешілмеген үлескерлік құрылыс нысандарының проблемасына қатысты мәселеде ілгерілеушілік орын алды. Оған қалай қол жеткіздіңіз? Мұндай жағдайдың тағы қайталану қаупі бар ма? Өйткені, бүгінде де елордада үлескерлердің қаражатын тарту арқылы салынып жатқан нысандар өте көп екені белгілі жайт.

- Ұзаққа созылған құрылыс нысандарын аяқтау Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұр. 2019 жылдың басында қалада 16 мыңнан астам үлескер отбасы бар еді. Бұл – 150-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені. Дәл қазіргі уақытта 13 мың үлескер отбасының проблемасы шешілді. Ал бұл дегеніңіз 90 көппәтерлі тұрғын үй кешені деген сөз. Енді қалған 3 мың үлескердің проблемасын шешу міндеті тұр. Олардың бір бөлігін осы жылы шешеміз. Екінші бөлігін келесі жылы шешуді жоспарлап отырмыз.

Құрылысы ұзаққа созылып кеткен нысандардың жай-күйі де алуан түрлі болды: бірінде қазаншұңыры ғана қазылса, енді бірінде үйдің сұлбасы ғана көтерілген. Дегенмен, бұған дейін де айтқанымдай, мәселен егер «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешенін соңына дейін салсақ, пайдалануға берген кезде ол шалажансар болып шығар еді. Өйткені, құрылысшы бетонның дұрыс маркасын қолданбаған, қабаттар арасы түйістірілмеген.

Сол себепті ұзаққа созылған құрылыс нысандарына техникалық, тексеру, қаржылық аудит жүргізу, жобалық-сметалық құжзаттамаларды тәртіпке келтіру қажет болды. Бір пәтерді екі, тіпті үш рет сату фактілері де болды. Бірақ, ұзаққа созылған құрылыстарға қатысты іс-шаралардың нақты жоспары бар. Сол нысандардың құрылысын аяқтау үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Енді сұрағыңыздың екінші бөлігі – жаңа үлескерлердің пайда болу қаупіне тоқталайын. Тәуекел барлық уақытта да болады. Әсіресе тұрғын үй сатып алар кезде адамдар бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, құрылыс компаниясының тарихын зерделеуі, құжаттарын қарауы керек. Мемлекет тарапынан баспана салушыларға талап күшейтілген: егер салушының нысанды аяқтауға жеткілікті қаражаты болмаса, пәтер сатуды бастай алмайды, банк кепілі болуы тиіс және сол компанияның жағдайына да қарау қажет. Әкімдіктің ресми аккаунттарында және БАҚ бетінде жосықсыз құрысшылардың тізімін үнемі жариялап отырамыз.

- Елордада құлағалы тұрған үйлер мен барактар әлі де бар. Оларда адамдар тұрып жатыр. Әрине, бұл мәселені шешу бір күннің шаруасы емес екені түсінікті. Дегенмен, осы уақытқа дейін қанша адам жаңа баспанаға көшті және бұл бағытта таяу уақытта қандай жұмыс жүргізілмек?

- Иә, дұрыс айтасыз, ескі апатты жағдайдағы үйлер бар. Соңғы үш жылдың ішінде осындай апатты үйлерден 700-дей отбасын жаңа баспанаға қоныстандырдық. Биыл да осындай ескі үйлерден 300-ден астам отбасын көшіруді жоспарлап отырмыз. Мәселен, Ы.Дүкенұлы 21 мекенжайында (Сарыарқа ауданы) орналасқан бес қабатты жатақхананың тұрғындарымен кездестік. Біз оны сүріп тастаймыз. Мәслихат та қолдап, сүрілетін үйлердің тізіміне қосты. Мұндай үйлер аз емес. Ескі үйлерді сүруге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы арқылы да үйлерді жөндейміз.

- Қала тұрғындары тарапынан жолдарға қатысты сауалдар туындап жатады. Биыл қанша жол жөнделеді?

- Осы жылы 100-ден астам көше салуды және жөндеуді жоспарлап отырмыз. Өткен жылғыдай қаланың оң жақ бөлігіндегі тұрғын үй алаптарына, құрылыс жүріп жатқан аудандарына баса назар аударамыз. Әлеуметтік нысандарға кіреберіс учаскелер де назарымыздан тыс қалмайды. Соңғы жылдары қалада 300-ден астам көше жөнделді.

- Елорданы газдандыру жұмысы қалай жүргізіліп жатыр? Биыл қайаудан тұрғындары көгілдір отын қызығын көреді?

- Өзіңізде білетіндей, қаланы газдандыру елорданың экологиясына оң әсерін тигізумен қатар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға да сеп болады. Қалада екі аудан - Сарыарқа мен Алматы толықтай газдандырылды. Ол үшін 680 шақырымнан астам газ тарату желісін төсеп, орамішілік желілерді тарттық. 14 мың абонент газ қосуға, 6 мыңнан астам абонент техникалық шарт алды. Бұған қоса, қазірдің өзінде 3,6 мыңнан астам үй (25 пайыздан астам) газға қосылған.

Жазда қалған екі ауданда – Байқоңыр мен Есілде газ келетін құбырлардың құрылысын бастап кетті. Айталық, олар: Ильинка (Үркер), Өндіріс, Пригородный, Телман тұрғын үй алаптары, «Family Village», «Garden Village» және басқа да шағынаудандар. Шұбар шағын ауданына қатысты жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Есіл мен Байқоңыр ауданында ең алдымен газ келетін құбырларды төсейміз. Ал келесі жылы орамішілік желіні тарту басталады.

Бірқатар жеңілдік қабылдадық. Мұқтаж жандар санатына газ қосу үшін әлеуметтік көмек бөлеміз. Әлеуметтік көмек мөлшерін 413 мың теңгеге дейін ұлғайттық. Мұнан бөлек, тұрғындар тарапынан үйге газ қосу үшін құжаттар жинауға қатысты өтініш болды. Егер бұрынырақ, үйге газ қосу үшін 8 құжат жинау қажет болса, оның өзі бірнеше айға созылып кетсе, ендігі уақытта құжат тізімі екі есеге қысқартылды. Мұндай іс-шара Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында қабылданды.

Бұған қоса, ЖЭО-1 мен ЖЭО-2-нің 13 су жылыту қазандығын газға қостық. ЖЭО-3 құрылысын жаңғырттық, құрылыс қарқынды жүріп жатқан жаңа аудандарды жылумен қамтамасыз ету үшін үш дербес газ қазандығын жобалап жатырмыз. Осы шаралардың барлығы қаланың экологиясын айтарлықтай жақсартуға септігін тигізеді. Газдандыру барысы Мемлекет басшысының бақылауында тұр.

- Қала күніне орай елорда тұрғындарына қандай тосынсый әзірлеп жатырсыздар?

- Ай басынан қалада концерттерден бастап, спорттық фестивальдерге дейін ондаған алуан түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Мәселен, Ұлттық домбыра күнін мерекелеу, Ермұрат Үсеновтің 70 жылдығына арналған «Өмір дастан» концерті, ерлер мен қыздар арасында бокстан «Елорда кубогына» арналған халықаралық турнир, көрмелер өтіп кетті.

Қала күніне де бірқатар әлеуметтік нысан ашамыз. Кезекте тұрғандар мен жұмыс істейтін жастарға пәтер кілтін тапсырдық. Жаңа кірпіш зауытын, 80-нен астам аула, қоғамдық кеңістік пен амфитеатр және басқаларын ашуды жоспарлап отырмыз.

Қала күнімен құттықтаймын! Қаламыздың дамуы әрбір тұрғынға байланысты және әр адам өз үлесін қоса алады. Сіздің редакцияңызды және барша оқырмандарыңызды қала күнімен құттықтаймын! Зор денсаулық, бақыт, табыс тілеймін!

- Сұхбатыңызға рақмет!


Фото: Александр Куприенко
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT