Техникалық және кәсіптік білімге мемлекеттік тапсырыс 50 мыңға артады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамти түсу мақсатында мемлекеттік тапсырыстың көлемі 50 мыңға ұлғаяды. Толығырақ Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамту жұмысы жалғасып жатыр. Бұл орайда, біздің министрлік 9 сыныптан кейін колледжге түсушілерге мемлекеттік тапсырысты ұлғайту бағытында жергілікті әкімдіктермен бірлесіп әрекет етеді. Осылайша, биыл мемлекеттік тапсырыс 50 мың орынға артады», - деді Шолпан Каринова ОКҚ-де өткен брифингіде.

Оның айтуынша, «Білім туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, колледждерге қабылдау квотасы қайта қаралды.

«Айтар болсақ, көпбалалы отбасы балаларына 5%, толық емес отбасы балаларына 1%, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасы балаларына 1% грант бөлінеді. Тегін техникалық және кәсіптік біліммен ең алдымен, әлеуметтік осал отбасылардың балалары қамтылады», - дейді ол.

Сонымен қатар, спикер мемлекеттік тапсырыс арқылы техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлаудың артқанын айтты.

«Металлургия, IT, құрылыс, инженерия, қызмет көрсету салаларына басымдық беріледі. Қазіргі уақытта техникалық мамандықтар бойынша қабылданған студенттердің үлесі – 50 пайыз, яғни 61 мың студент», - деді Ш. Каринова.


Соңғы жаңалықтар