Техникалық тексерулер барысында 132 мыңға тарта көліктерден ақаулар анықталды

None
None
АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - 2012 жылы техникалық тексерулер барысында 132 мыңға тарта көліктен ақаулар анықталды. Бұлардың басым бөлігі жол-көлік оқиғаларын тудыру ықтималдығына ие болып табылады. Бүгін Мәжілісте «Жол жүрісі туралы» заң жобаларын талқылауға арналған дөңгелек үстелде Көлік және коммуникация вице-министрі Роман Скляр осылай мәлім етті.

«Ақаулары анықталған көліктердің 89 пайызы жеке тұлғаларға тиесілі болып отыр. Сонымен қатар, коммерциялық емес транспорттардан техникалық байқауларды алып тастау мәселесіне келсек, әлемдік тәжірибеде бұл басқаша өріс алып келеді. Мәселен, Грузияда жеңіл автокөліктердің техникалық байқаулары 2013 жылға дейін тоқтатылып, оңтайлы жүйе дайындау қолға алынған болатын. Алайда, ол елде 2014 жылдың басынан бастап міндетті техникалық байқау қайта күшіне енетін болады», - дейді Р. Скляр.

Оның айтуынша, Қырғызстанда да жеңіл автокөліктердің техникалық тексерулері 2012 жылдан бері ерікті негізде жүзеге асып келеді. Алайда, қырғыз тарапы міндетті тексеруге қайта көшу мәселесін қарастырып жатқанға ұқсайды. «АҚШ-тың 13 штатында көліктерді техникалық тексеруден өткізу толығымен алынып тасталған. Қалған 37 штатында техбайқау әлі күшінде. Ал Украинада жеңіл жеке көліктер үшін техникалық тексерулер алынып тасталған еді. Дегенмен, соңғы уақытта осы елде көлік ақауына қатысты апаттардың көрсеткіші өсіп келеді», - дейді Р. Скляр.

Соңғы жаңалықтар