Техникалық қарасорамен емдеу әдісі отандық медицинаға қалай енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Израильден келген медицина ғылымдарының докторы Ронен Шемеш өз елінде жолға қойылған техникалық қарасорамен емдеу әдісінің жетістіктерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, Жамбыл облысының Шу өңірінде өсетін қарасора - бұл өсімдіктің жабайы түріне жатады. Оны ешқандай мақсатта қолдануға болмайды. Біз де әлбетте, оны медициналық мақсатта қолданбаймыз. Екіншіден, Шуда өсіп жатқан қарасора - онкологиялық ауруларды емдеуге бағытталатын қарасораның сайма-сай сорты емес. Онкологиялық ауруларды емдеуге арналған қарасораның тиісті сорты АҚШ-та, Израиль мен Канадада өсіріледі», - дейді «RAIS Medicann International» компаниясының бас директоры Замик Рахимов Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде өткен Техникалық қарасораны медициналық мақсатта пайдалану бойынша жаһандық форумда.

Оның айтуына қарағанда, дамыған елдерде техникалық қарасораны өңдеп, дәрі ретінде шығару кезінде оның құрамында наркотикалық құрам болмау керек.

«Міне, сондықтан, Қазақстанда да алдағы уақытта техникалық қарасораны өңдейтін болсақ, құрамынан тетрагидроканнабинолды (ТГК) ажыратып, қалған майы пациенттерді емдеуге пайдаланылады. Біз пайдаланғалы отырған қарасораның «индика» сортында канабиноидтың мөлшері 8 пайыз ғана. Демек, біз майды әзірлеп, мемлекетке лабораториялар арқылы барынша тексеруге жібереміз. Егер лаборатория осы медициналық өнімнің құрамында ешқандай наркотикалық құрам болмағанын анықтаса, Денсаулық сақтау министрлігі мен ІІМ-нің бақылауымен пациенттер қайтадан бізге келетін болады», - дейді Замик Рахимов.

Ал Израильден келген медицина ғылымдарының докторы, генетика саласындағы зерттеуші және жаңа дәрілік заттарды зерттеу мен әзірлеу жөніндегі сарапшы Ронен Шемештің айтуынша, Израильде соңғы 20 жылда қатерлік ісіктен келетін өлім жағдайы 25 пайызға төмендеген.

«Израильде техникалық қарасора аурудың 101 түрін емдеуге пайдаланылады. Олардың қатарына тыныс жолдарының обыры, диабет, псориаз секілді ауруларды жатқызуға болады. Техникалық қарасораны пайдаланудың басты тәжірибесі өткен ғасырдың алпысыншы жылдардан бері Израильден бастау алып жатқанын атап өткім келеді. Техникалық қарасораның обыр жасушаларын жеңетіні дәлелденген. Қарасораны пайдалану ағзаның қиналып ауыруын азайтады. Қарасора психологиялық тұрғыда да пациенттерге өте пайдалы. Жалпы, онкологиялық ауруларды емдеуде техникалық қарасораны пайдалану химиятерапиямен қатар қолданылады», - дейді Ронен Шемеш.

Еске сала кетсек, елімізде онкологиялық ауруларды, астма мен диабетті, паркинсон ауруларын техникалық қарасорамен емдеу әдісі жолға қойылады.

Соңғы жаңалықтар