Техникалық байқау операторларын тексеру нәтижесі жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Мирас Қарғабай техникалық байқау саласындағы кемшіліктер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көліктік қадағалаудың аумақтық органдары 2018 жылдан бүгінге дейін техникалық байқаудың 152 операторын тексерді. Көлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізу мен ұйымдастыру бағытында ереже бұзудың 724 фактісі анықталды. Осы орайда техникалық байқау операторларына қатысты 3 млн 849 мың теңгеге 193 әкімшілік материал жазылды. Реестрден 88 оператор шығарылды», - деді М. Қарғабай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, 2018 жылғы қарашадан 2019 жылғы наурыз аралығында жалған диагностикалық карталарды анықтау бойынша 150 рейдтік шара өткізілді. Оның нәтижесінде аталған картаны қолдан жасаудың 84 фактісі анықталды. Техникалық байқау операторларына қатысты 26 әкімшілік материал жасалды және 2 қылмыстық іс қозғалды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде көліктерді техникалық байқаудан өткізу тәртібін қайта қарастыру керектігі айтылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаевтың атап өтуінше, шын мәнінде техникалық байқау ешбір негізі жоқ немқұрайлы шараға айналды. Сондықтан техникалық байқау шараларын қайта қарастыру керек.

Соңғы жаңалықтар