Тегін медкөмектің кепілді көлемі көпшілікке қолжетімді болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Тегін медициналық көмектің көлемі қолжетімді болады. Бұл туралы ӘМСҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2020 жылы қазақстандықтар медкөмекті екі пакет бойынша ала бастайды. Біріншісі – мемлекеттік кепілдеме бойынша көрсетілетін және республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тегін медқызметтер. Екінші пакет міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысатындарға арналған.


«Жалпы, тегін медкөмектің кепілді көлемі сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан еліміздің барлық тұрғындарына қолжетімді болады. Оның құрамына жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативті көмек енген», - деді қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте ӘМСҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев.


Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар ауруларға да жеңілдіктер қарастырылған. Созылмалы аурулар кезінде консультативті-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрімен қамту, жоспарлы және стационарлық көмек, туберкулезге ұшырағанда медициналық оңалту қолжетімді болады.
«Міндетті медсақтандыру пакетіне консультативті–диагностикалық көмек, оның ішінде қымбат зертханалық қызметтер, тегін медкөмектің кепілді көлемінен тыс (ТМККК) амбулаториялық дәрімен қамту, жоспарлы және стационарлық көмек, ТМККК аясында емделген жағдайда ғана медициналық оңалту және емдеу қайта жүргізіледі» - деп қосты Тілеухан Әбілдаев.
Сондай-ақ, Т. Әбілдаев тегін медициналық көмек пакетінің еліміздің барлық тұрғындары үшін шағын әлеуметтік стандарт болатынын және шұғыл әрі кезек күттірмейтін жағдайларда қолданылатынын айтты. Ал, міндетті сақтандыру пакеті қалған барлық медкөмектер тізімін қамтып, сақтандырылған әрбір жанның өмір сүру сапасын жақсартуға және қазақстандықтардың болашақ ұрпағының денсаулығын сақтауға бағытталады.



Соңғы жаңалықтар