Тегін донер таратқан ақтөбелік кәсіпкерге айыппұл салынды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында донерді тегін таратып, адамдардың кептелісін туындатқан кәсіпкерге қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласының ескі бөлігінде донер дүкенін ашқан кәсіпкер әлеуметтік желі арқылы тағамның тегін таратылатынын хабарлайды. Кеше сағат 14:00-де сауда орнының ашылуы болып, оған бірқатар блогер шақырылған. Адам көп жиналады. Жастардың топ-тобымен жүріп, бір-бірін итеріп, алға ұмтылған сәтінен түсірілген видео әлеуметтік желі арқылы тарап кетті.

Полиция осы оқиға байланысты әкімшілік іс қозғады.

«ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша хаттама толтырылды. Кәсіпкерге 55 мың теңге айыппұл салынды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Еске салсақ, ақтөбелік жастар биыл жазда жұмыс істеп, 130 мың теңге жалақы таба алады. Табиғи ресурстар және табиғатты қорғау басқармасы арқылы 1 200 жас көгалдандыру жұмыстарын атқарады. Ал, 800-і абаттандыру және құрылыс саласына бағытталады.

«Биыл жастардың жалақысы өсті. Былтыр 100 мың теңге алса, биыл 120-130 мың теңге еңбекақы беріледі. Бұл – жастардың жұмысына байланысты берілетін жалақы көлемі. Негізі 16-35 жас аралығындағы жастар еңбекке араласа алады. Мектеп оқушылары ата-анасының рұқсатын алуы тиіс. Жастардан жеке куәлік көшірмесі, 075 анықтамасы мен жұмыссыздығын растайтын құжат сұралады», - деді «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары және «Атамекен» студенттер отрядтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаев.


Соңғы жаңалықтар