Тегін берілетін дәрі-дәрмектер қайда кетіп жатыр - Денсаулық сақтау министрі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тегін медициналық дәрі-дәрмектерді жеткізу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, ең алдымен дәрі-дәрмекке мұқтаж сырқаттардың санын нақтылау қажет.

«Биыл диспансерлік-созылмалы науқастар тізімін ретке келтіруіміз қажет.  Бізде диспансерлік бақылау тіркеуіші бар, ондағы көрсеткіштер мен сіздерден келіп түсетін өтінімдер әр түрлі. Яғни, деректер базасын бір жүйеге келтіру қажет. Сондықтан, биыл жүргізілетін цифрландыру жұмыстары дәрі-дәрмекке мұқтаж қанша сырқат бар екенін нақты көрсетіп бере алады. Қазір деректер базамызды «СК-Фармация» ЖШС-мен сәйкестендірдік және едәуір қалдықты көріп отырмыз. Биыл жоспарлау мәселесін шешеміз деген үміттемін», - деді Е. Біртанов Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы алқасының кеңейтілген отырысында.

Сондай-ақ, Біртанов дәрі-дәрмек жеткізу мәселесін енді болдырмау үшін жұмыс істеп жатқандарын жеткізді.

«Сатып алулардың дер кезінде жүргізілмегенін түсінемін. Биыл шілде айында 2019 жылға арналған сатып алуларды бастаймыз. Жалпы алғанда, амбулаториялық-дәрілік қамтамасыз ету үшін препараттардың 90% сатып алғынған және қазір дәрілерді түсіру жұмыстары жүріп жатыр. Ақпан айының соңында дейін барлық қажетті дәрі-дәрмектер жеткізіледі. (...) Алдағы уақытта аталған мәселелерді ескере отырып, мемлекеттік қамтамасыз ету жұмысын жетілдіре түсу қажет», - деп өз сөзін толықтырды министр.

Одан бөлек, Е. Біртанов емхана басшыларына науқастарға  дәрі-дәрмектің толық берілуін қадағалауды, бюджеттің қаражатын тиімсіз пайдаланбауды тапсырды.

 «Кей азаматтар емханалардағы деректер базасында дәріні алды деп көрсетіліп, шын мәнінде алмаған болып шығады. Бес жүз адамға хабарласып, дәріні алдыңыз ба сұраған едік. Көпшілігі алмаған болып шықты. Ол дәрілер қайда кетіп жатыр? Емханалардың бас дәрігерлеріне айтарым, бұл өте өзекті мәселе. Бюджеттің қаражатын тиімсіз және мақсатсыз қолдану оқиғасы болмасын», - деді министр.

Еске сала кетсек, 20 ақпан күні Астана әкімі Әсет Исекешев тегін медициналық дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша әкімнің орынбасары Ермек Аманшаев пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыровқа ескерту жасады. Мұнымен қоса қала басшысы аталған мәселеге қатысты жағдайды үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар