«Тегін әрі толыққанды тексерді»: Алтай тұрғындары «Саламатты Қазақстан» пойызының жұмысын оң бағалап жатыр

None
АЛТАЙ. ҚазАқпарат – «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы бүгіннен бастап Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай бекетінде жергілікті жұртты қабылдап жатыр. Таңертеңнен түске дейін ақ халаттылар барлығы 100-ге жуық адамды тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Саламатты Қазақстан» пойызындағы білікті дәрігерлердің қабылдауынан құр қалып қалмас үшін Алтай ауданының әр ауылынан тұрғындар ағылуда. Әркім өзін мазалаған сұрақтарға жауап алып, дертіне шипа тапқысы келеді. Ал кейбіреулер профилактикалық мақсатта дәрігерге көрінуді мақсат етіпті. Жиналған халықтың дені – егде жастағылар.

ҚазАқпарат тілшісі пойыздан шығып келе жатқан алтайлықтарды әңгімеге тартып көрді.

«Дәрігерлер бізді өте жақсы қарсы алды. Әр сұрағымызды тыңдап, мұқият жауап берді. Өзім окулистке тексерілдім. Себебі көзім дұрыс көрмей жүр. Мені арнайы құрылғылармен тексеріп, ем-дом тағайындап берді. Оларға көп рахмет!», - дейді Бақытбек Байғұнанов.


Өз сөзінде ол Зубовка ауылында тұратынын жеткізді. Медициналық пойыздың келетінін ауылдастарынан естіп қалған.

Алтай қаласының тұрғыны Алтынай Нұрлыбаева «Саламатты Қазақстан» пойызының жұмысын жоғары бағалап, халық денсаулығын жақсартуға бағытталған осындай шаралардың көп болғанын қалайтынын тілге тиек етті.

«Пойыздағы дәрігерлердің барлығы жоғары білікті екен. Дәрігерлерге түгел дерлік қаралып шықтым. Тегін әрі толыққанды тексерді. Ультрадыбыстық зерттеуден де өттім. Сол зерттеуді жүргізетін әйел өте мәдениетті, өз ісінің шебері екендігін көрсетті. Барлығына мың да бір алғыс! Біздің өңірге жиі келіп тұрыңыздар!», - дейді ол.

Ал Никольск ауылынан келген зейнеткер де окулистке қаралыпты. Ол осы пойыз туралы аудандық газеттен оқыған.

«Пойызды кешеден бері тағат таппай тосып жүрдім. Бүгін міне таңертең ерте келіп қаралып шықтым. Менің көзім ауырады. Коронавирус пандемиясы кезінде көзімнің көру қабілеті өте қатты нашарлап кетті. Содан кейін ота жасатқанмын», - дейді Юлия Николаевна.


Дәрігерлер пациенттің көзін заманауи құрылғылармен мұқият тексеріп, ем тағайындап, көзге тамызатын дәрі жазып берген.

Осылайша, алтайлықтар «Саламатты Қазақстан» пойызының жұмысын оң бағалап, шынайы ризашылықтарын білдіріп жатыр. Түскен кейін және ертең де жұрттың аз келмейтіні анық. Содан соң пойыз Күмістау бекетіне қарай бағыт алады. Жалпы Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарын 12 маусымға дейін араламақ.


Соңғы жаңалықтар