Тегеран Брюссельдің ядролық келісім туралы ұсыныстарына жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Иран Еуропалық Одаққа Брюссельдің ядролық бағдарлама бойынша халықаралық келісімді қалпына келтіру жөніндегі ымыраға келу ұсыныстарына жауап жіберді. Жауаптың мазмұны әзірге жарияланған жоқ. Еуропалық комиссияның Тегеран жауабына алғашқы реакциясы ұстамды болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат еuronews-ке сілтеме жасап.

«Мен тек кеше кешкісін Ираннан жауап алғанымызды растай аламын. Қазіргі уақытта біз онымен толықтай танысып, Бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарының басқа мүшелерімен және АҚШ-пен арықарай қалай әрекет ету керектігі жөнінде кеңесіп жатырмыз», - деді Еурокомиссияның ресми өкілі Набила Массрали.

Иранда ядролық қарудың пайда болуына жол бермеуге, бірақ бұл елдің бейбіт атомға құқығын қамтамасыз етуге арналған Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі іс-қимыл жоспары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты мүшесінің және Германияның қатысуымен 2005 жылдан 2015 жылға дейін әзірленді. Бірақ, 2018 жылы АҚШ Келісімнен шығатынын және Иранға қатысты экономикалық санкциялар енгізу туралы жариялады. Бұған жауап ретінде Иран уран байыту жұмыстарын қайта бастады. 2021 жылы АҚШ билігі ауысқаннан кейін халықаралық келісім жөніндегі келіссөздер қайта жалғасты. Еуроодақ АҚШ пен Иран үкіметтері арасында делдал рөлін алды.

Брюссель Тегеранның өз ұсыныстарына берген жауабын Вашингтонға жолдады.

Еске салсақ, Иранмен ядролық келісімді қалпына келтіру жөніндегі келіссөздерден кейін мұнай бағасы барреліне 1 доллардан астам арзандады. Тегеран экспортты ұлғайтуы мүмкін деген болжам жасалған.


Фото:euronews.com



Соңғы жаңалықтар