Театрда тыныш өмір жоқ - мемлекеттік сыйлық иегері Нұрқанат Жақыпбай

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елімізге танымал «Жастар» театрына – 15 жыл. Сонымен қоса, аталған театрдың негізін қалаушы, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбайдың 75 жылдық мерейтойы. Жалпы биылғы жыл мерейтой жылы ғана емес, мерейлі жыл болған секілді. Олай дейтін себебіміз - - Нұрқанат Жақыпбай «Жібек» мюзиклі үшін Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Осы айтулы даталарға орай, ҚазАқпарат тілшісі режиссермен, театр ұжымымен жүздесіп, олардан 15 жылда атқарған жұмыстары мен алдағы шығармашылық жобалары төңірегінде сұрап көрген еді.


Бұл өнер ұжымының аты айтылғанда Нұрқанат Жақыпбайдың есімі қатар аталады. Ол бес буын шәкірт тәрбиелеп, барлығын «Жастар» театрының қатарына алды. Белгілі театр және кино қайраткері Алматы облысы Райымбек ауданының тумасы. Нұрқанат Жақыпбайдың алғашқы оқыған мамандығы – актерлік. Ол 1970 жылы Алматы өнер институтын тәмамдаған. Кейін Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып, өнер жолына алғашқы қадам жасайды. Араға жылдар салып, ол театр және кино саласындағы танымал әртістердің біріне айналды. Өзін жаңа қырынан сынап көрмек болған актер аты аңызға айналған режиссер, Қазақстанның Халық қаһарманы Әзербайжан Мәмбетовтің «режиссура» курсына түседі.


«Мен ешқашан режиссер боламын деп армандаған емеспін. Бір жағдайларға байланысты режиссураны бітіруге тура келді. Біздің ұлы режиссеріміз Әзербайжан Мәмбетов жастарды курсқа қабылдап жатты. Ал мені дәл сол кезде ректор алып келді де, «Сен режиссер болуың керек!» деп сол кісінің аудиториясына кіргізіп жіберді. Түсінбей қалдым. Ол кезде мен жақсы актерлердің қатарында болатынмын. Аудиторияға кірген бойда Әзербайжан Мәдиұлы қарады да «Сен неге келдің?» деді. Мені мұнда ректор әкелгенін айттым. Ол «Мен сені режиссураға қабылдамаймын» деді. Өзім де сылтау айтып, шығып кеткім келіп тұрған еді. Алайда, ол кісінің менен бас тартуы намысыма тиді. Әзербайжан Мәдиұлы «Сен жақсы әртіссің. Режиссураға актер болып қалыптаса алмағандар түседі» деп түсіндірді. Дегенмен сол курсты қалай да аяқтап шығамын деп мақсат қойдым. Күнде аудиторияға барып, сабаққа қатыса бастадым. Әзербайжан Мәмбетов мені қуады. Бірақ кетпей отырып аламын. Осылайша, режиссураға түсіп кеттім», - деп тоқталды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.


Дегенмен Нұрқанат Жақыпбайдың режиссерлік жолы бірден сәтті бастала қоймады. Әсіресе, дипломдық жұмыс төңірегінде туындаған кереғар пікірлер мен ішкі арпалыс ол үшін үлкен сын болды.


«Менің дипломдық жұмысым «Сақал саудасы» деген спектакль болды. Ол жаңа шығарма болатын. Авторы - Қадір Мырза Әлі. Бұл ол кісінің алғашқы және ең соңғы драматургиялық шығармасы. Оны бізге, яғни Ғ.Мүсірепов атындағы театрға берді. Соны мен дипломдық жұмыс ретінде алдым. Шығармада автор Алдар көсенің образы арқылы сол кездегі қоғам ішіндегі келеңсіз жағдайларды жеткізуге тырысқан. Мен оны мюзикл жанрында қойғым келді. 1983 жылдары мұндай бағытты ешкім білмейтін. Кейін композитор Сейдолла Бәйтерековке барып, қолқа салдым. Ол кезде Сейдолла композиторлардың шыңы болатын. Басында ол қарсылық білдірді. Бірақ оны ақыры көндірдім. Сейдолла пьесаны алып қалып, бірнеше күннен кейін хабарласты. Барсам, әрбір образға ән жазып қойыпты. Содан заманауи әрі әнге құрылған спектакль жасадық. Өзімізге ұнады», - деді Нұрқанат Жақыпбай.

Өнер иесінің айтуынша, ол кездері мюзикл жанры аса бағаланбайтын. Дегенмен тәуекелге бел буып, жаңаша көзқараспен дайындалған қойылымды көркемдік кеңеске тапсырған.

«Көркемдік кеңес қабылдамады. Кейін комитет келіп көрді. Одан да оң баға алған жоқ. Мәдениет министрлігінің өкілдері мен жазушылар келді. Барлығы «Мынауың не?» деп наразылық білдірді. Барлығы күнде келеді, қарайды. Мен шаршай бастадым. Соңғы үмітім коммунистік партияның орталық комитетінде болды. Оның ішінде мәдениет саласын басқаратын комитет болатын. Одан өтпесе - бітті, диплом алмайсың. Содан қойылымды көруге комиеттен адам келді. Спектакль аяқталды. Мен қорыққанымнан сахнаның астына тығылып қалдым. Бір кезде мені іздеді. Не болса да көрейін деген мақсатпен шығып, комитеттен келген азаматқа бет алдым. Оған жақындай бергенде, ол кісі менің қолымды алып, құшақтады да айтты: «Міне, қазақ еліне жаңа режиссура келді, жаңа жас келді!». Бір ай бойы менің жұмысымды қабылдамай жатқандар сол сәтте «Біз сенің үздік спектакль жасайтыныңа сеніп едік» деп шулап қоя берді», - деп ол қиын да, әсерлі өмір естеліктерін бөлісті.


1983 жылы оқуды аяқтаған өнер иесі Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында режиссер болып еңбек етеді. Осы уақыт ішінде ол 20-дан астам тың туындыны көрерменге ұсынады.

Сонымен қатар, Нұрқанат Жақыпбай жалпы театр сахнасында актер ретінде 70-тен астам рөлді сомдаған. Ол ойнаған әрбір образ көрерменнің көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленді.

Жастар театры: Құрылуы мен қалыптасуы

Нұрқанат Жақыпбай еңбектерінің ең елеулісі – бас шаһар төрінен театр ашу. Осыдан 15 жыл бұрын, 2007 жылы «Жастар» театрының негізі қаланды. Бүгінде 75-ке келген өнер қайраткері қазір елімізбен қатар өзге де шет мемлекеттерге танылған өнер ұжымын құру оңай болмағанын атап өтті.


«Ресей жақта театр өнері жақсы дамыған. Сан түрлі мектептер бар. Соларға қарап отырып, «Неге бізде осындай театр жоқ?» деп ойлайтын едім. Мәселен, Мәскеуде бір шығарманы бірнеше театр қояды. Бірақ, әрқайсысының өз ерекшелігі болады. Олар таптаурын болған дүниеден қашады. Жас кезімде бізде осындай өнер ұжымдары болса деп армандайтынмын. Мені ширатып, бар талантымды аша білетін режиссер болса деген арман маза бермейтін», - деп еске алды мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Театр ашуға деген алғашқы талпыныс 2006 жылы жасалған. Ол уақытта оқуды аяқтап жатқан Нұрқанат Жақыпбайдың шәкірттері, қазіргі белгілі актерлер дипломдық жұмысына орыс классигі Н.В.Гогольдің «Ревизор» шығармасын арқау етіп алады.


«Біз спектакльді ерекше қоюға тырысып, өзімізше өңдедік. Балалар көктемде дипломдық жұмысты тапсыруы керек. Мүмкін сәйкестік болар, сол кезде Мәскеуден Алматыға театртанушы келді. Олар Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша еліміздегі театрлардың қауқарын білуге келген екен. Осылайша, ол театртанушы Алматыдағы бір өнер ұжымының қойылымын көруге бармақ болады. Алайда, ол театр сылтау тауып, спектакльді қоймайтынын айтыпты. Ал театртанушының тобын бастап келе жатқан менің курстасым - Жанна Жантөрина болатын. Ол маған қоңырау шалып былай деді: «Нұрқанат, бізді құтқар. Балалардың дипломдық жұмысына дайындап жатқан спектаклін қойып, көмек көрсетіңдер!». Содан шәкірттерім бір сағаттың ішінде жиналып, «Ревизорды» сахналадық. Қойылым аяқталғаннан кейін, Мәскеуден келген кісі менің қолымды алып, «Мен Қазақстанда мұндай «Ревизорды» көремін деп ойламаппын» деді. Кейін ол маған «Сіз барлығын қойып, шәкірттеріңізді алып, театр ашыңыз» деп кеңес айтты. Кейін ол театртанушы бізді Ресейде өтетін фестивальге шақырды. Оған осы «Ревизорды» апардық. Бәрі таңғалды. Барлығы Қазақстанда осындай өнер көрсете алатын азаматтардың бар екенін көрді», - деді ол.


Артынша, 2007 жылдың қаңтарында Нұрқанат Жақыпбайға Астанадан театр ашу туралы ұсыныс түседі. Әуелде бұл бастамаға шәкірттері келіспеген көрінеді.

«Сол кезде балаларға «Мен де сендермен кетемін. Барлығын қойып, сонда барайық!» дедім. Олар көнді. Сөйтіп Астанадан бір-ақ шықтық. Содан 2007 жылдың 5 шілдесінде Ә.Кекілбаев пен Ш.Айтматовтың шығармалары желісімен «Шыңғысхан» спекталімен біздің шымылдығымыз түрілді. Ол уақытта үй-күйіміз жоқ, қаңғырып жүрдік. Барлығымыз 12 шаршы метр жатақханада тұрдық. Осылай өмір сүрдік. Балалар қинала бастады», - дейді Нұрқанат Жақыпбай.


Өнер тұлғасы осындай қиын сәттерде жастарды бір-біріне бауыр еткен жылы қарым-қатынас пен мақсатқа деген адалдық демеу болғанын жеткізді.

Алғашында 12 актермен шымылдығын түрген өнер ұжымының құрамында қазір 50-ге тарта актер мен актриса қызмет етеді. Сонымен бірге, бүгінде театрдың қорында 50-ден астам спектакль бар.


«Біз жыл бойы осы 15 жылдықты тойлап келеміз. Алғаш рет республикалық деңгейде волейболдан жарыс өткіздік. Одан кейін Түркия мен Қырғызстан еліне гастрольдік сапар ұйымдастырдық. Барлығы 15 жылдықтың аясында өтті. Еліміздің республикалық маңызы бар қалаларында да болып, спектакльдер ұсындық. Жалпы пандемия аяқталған бірінші сәтте біз алғаш болып тәуекелге бел байлап, гастрольдік сапарға шығып кеттік. Өткенімізді саралап, алға мотивация алу үшін осы 15 жылдығымызды тойлап өту маңызды болды. Сонымен қатар, Нұрқанат ағайымыздың биыл 75 жылдығы», - деді «Жастар» театрының директоры Әділ Ахметов.

Театрдың 15 жылдығы қарсаңында Нұрқанат Жақыпбай Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Мұндай марапат өнер адамы үшін жарты арманы мен мақсатының орындалғанын айғақтаса керек...


«Менде марапат алсам екен деген ой ешқашан болмапты. Бастысы бұған театр ұжымы қуанды. Мұндағы актерлердің 100 пайызы - менің шәкірттерім. Мұның астында өте зор еңбек жатыр деп білемін. Мен – еңбекқор адаммын. Өзімінің қиялым бар. Соны орындағанша, тыным таппаймын. Оны тапқаннан кейін де, бұдан басқа дүние бар шығар деп әрі кетемін. Мен бір шығарманы алып, бір сарынмен соны жүргізе бермеймін. Қиялымда параллельдер кетеді. Ойыма өзге дүние келсе, мен басқа шығармаға бұрылып, бір уақытта бірнеше туындымен жұмыс істеймін. Осылайша, мен өзімді сынаймын. Шәкірттерім де соған үйренген. Театрда тыныш өмір жоқ. Мен тыныш өмірге, серуендеп, өзіме уақыт бөлуге ешқашан дағдыланған емеспін», - дейді өнер тұлғасы

Бұдан бөлек, Нұрқанат Жақыпбай шеберханасынан шыққан біраз шәкірт биыл мемлекеттік наградаларды иеленді. Осылайша, театр ағымдағы жылы еліміз бойынша ең көп марапат алған өнер ұжымдарының көшін бастады.

«Қиялдан қиянға самғаған бір пендең»...

«Жастар» тетатрының 15 жылдығына орай, таяуда Нұрқанат Жақыпбайдың өмірі мен шығармашылығына арналған «Қиялдан қиянға самғаған бір пендең» кітабы жарық көрді. Туынды авторы - журналист Назерке Жұмабай.


«Бұл кітап өте жақсы, сауатты жазылыпты. Ол әсіресе, театр өнеріне алғаш қадам басқандар мен осы салада ұстаздық етіп жүргендерге пайдалы деп ойлаймын. Бастапқыда автор кітаптың атын басқаша қойып алып келген еді. Әуелгі атау - «Дара жол». Мен «Қиялдан қиянға самғаған бір пендең» деп қоюды ұсындым. Менің түсінігімде, әркімнің жүріп өткен жолы өзі үшін дара, өзі үшін ерекше. Ал мен өнер адамы ретінде қиялымдағы дүниені іске асырып, оны көрермен санасына сыятындай етіп ұсынамын. Еңбекте менің өмірім мен өнерім, жалпы осы салада атқарған жұмыстарымның барысы, нәтижелері туралы деректер топтастырылған», - деп Нұрқанат Жақыпбай кітапқа қатысты өз пікірін білдірді.


Көрермен санасына серпіліс

Театр – тәрбие мен таным ордасы. Бүтін бір ұрпаққа тәлім беретін мәдениет құралы. Нұрқанат Жақыпбайдың айтуынша, бұл орайда ұлттық құндылықтар мен күсталанбасқа енген қазақ халқының жоғын түгендеу маңызды. Оны өнер ордасына келген көрерменнің қөзқарасына сай саналы сараптап, ықшамдап жеткізу шеберлікті қажет етеді.


«Осы 15 жылдың ішінде біздің театр көрменнің санасына серпіліс бере алды. Көптеген жағдайлар болды. Жылаған, күлген, көмек сұраған, мені ұрып кете жаздаған кездер болды. Көрген нәрсесінен шошынып, мені ұрғысы келгендер болды.Оның ішінде мына бір ерекше жағдайға тоқталғым келеді. Бірде қойлымнан соң, бір қыз бала өксіп жылады. Мен оны құшақтап, сабырға шақыруға тырыстым. Өзім де көз жасыма ерік бердім. Үнсіз тұрып ұзақ жылады. Кейін өз-өзіне келіп, «Аға, сіз бүгін мені өлімнен алып қалдыңыз...» деді. Ол қиын жағдайда кетіп бара жатып, біздің театрға аяқ астынан кірген екен. Артынан біздің қойылымды тамашалап, ол оның жүрегіне жеткен. Мұндай жағдайлар көп әрі жиі болып тұрады. Бұл көрерменге айтылуы тиіс ой түпкілікті жетті дегенді білдіреді. Жастар қазір гаджеттерде көп отырады. Мен спектакль жүріп жатқанда әдейі ең соңғы қатарда отырып, барлығының эмоциясын бақылаймын. Егер адамның қолында тұрған ұялы телефон жерге тарс етіп құласа, онда мен іштей риза боламын. Ол дегеніміз – көрермен қойылымның ішінде отыр деген сөз.

Көрермендер спектакльден кейін маған және актерлерге алғысын білдіріп жатады. Өнер адамы үшін одан артық мадақ жоқ деп ойлаймын», - деді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай.


Театр директоры Әділ Ахметов туындылар белгілі бір аудиторияға немесе жас ерекшелігіне байланысты ықшамдалмайтынын атап өтті. Театр қоржынында өнерге сусындаған барша адамға берері мол спектакльдер бар.

«Комедиялық қойылымдарға жастар, студенттер өте көп келеді. Ал мағынасы жағынан терең, философиялық тұрғыдан ой салатын спектакльдерімізге үлкен кісілер көбірек келіп жатады. Бұл ретте біздің театр нақты бір бағытта жұмыс істейді деп айта алмаймыз. Әр тақырып төңірегінде ой салуға тырысып келеміз. Тіпті көрермен бір қойылымды 10-15 рет көреді», - дейді өнер ұжымының басшысы.

Актер халық сұранысы мен спектакль арқылы жеткізілуі тиіс ойды сабақтастыру үшін театр ұжымы қолданатын ұтымды тәсілдерге де тоқталды.


«Біздің Нұрқанат ағайымыздың ерекше тәсілдері бар. Мәселен, бір ойды жеткізу үшін қойылымның басынан бастап көрерменді тартатын, қызықты ететін элементтер қосылады. Атап айтқанда, акробатика, пластика, комедия элементтерін қосу арқылы қорытынды ойды интригада ұстап, спектакльдің соңында нүктесін қояды. Қойылымның басы мен ортасындағы дүниелерге қатысты көрермен көкейінде туатын сұрақтар соңында бірден жауабын табады», - деп мәлім етті Әділ Ахметов.

Театрдың сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында «Көрермен пікірі» айдары бар. Онда көпшілік театрға келіп, іздегенін тауып қайтқандарын жазған. Әртістер мұны төгілген тер мен ақталған үміттің нәтижесі деп біледі.

«Мен - Нұрқанат Жақыпбайдың шәкіртімін»

Қазіргі таңда «Жастар» театрында Нұрқанат Жақыпбайдан ұстаханасынан шыққан 5 буын актерлер мен актрисалар бар. Олардың көбі кино мен театр өнерін қатар алып жүр. Арасында шетелдік көрерменге де жақын таныс жастар аз емес.


«Біз академияда оқып жүргенде 15-20 теңгеден жинап, түскі ас ішетінбіз. Кейде ағай да бізбен қатар отыратын. Сол жерде біз барлығымыз бір үйдің баласындай тамақтанатынбыз. Осы қалыптасқан дәстүр әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Қазір театрда Нұрқанат Жақыпбайдың 5 буын шәкірті бар. Бәрі бір әкенің баласы сияқты. Ұстазымыз кез келген жағдайда бізден бір қадам алға ойлайды. Кейде қандай да бір шешімдер бойынша ағайдың көзқарасымен келіспей қаламыз. Бірақ түбінде Нұрқанат Жақыпбайдың ұстанымы дұрыс екенін көріп жатамыз», - деп ой қосты театр актері Азамат Есқұл.

Ал «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, өнер тұлғасының шәкірті Назерке Серікболқызы Нұрқанат Жақыпбай өнермен қатар, өмірге азық болар тәлім-тәрбиеге аса мән беретінін айтты.


«Барлығымыз кішкентай кезімізден осы кісінің қанатының астындамыз. Біздің ағай білікті психолог десем артық болмайды. Өзімізді қалай ұстау керек, өмірдің қиын сәттерінен қалай шығу қажет екенін ағайымыздан үйреніп келе жатырмыз. Ол кісі үнемі айтып отыратын ұстаным – атаққа емес, өнерге жұмыс істе», - деді актриса.

Оның пайымынша, Нұрқанат Жақыпбайдың тәрбиесі - талап пен тәртіп принциптеріне негізделген.


«Ол кісі - өте талапшыл. Біздің театр ұжымы әскери режиммен жүретін іспетті. Демалыссыз жұмыс істейміз. Бірақ бұл істен біз ешқашан шаршаған емеспіз. Әр актердің басты міндеті – режиссердің ойынан шығу. Біз режиссердің құралымыз. Жақсы режиссер – біздің бағымыз. Біз қандай да бір фестивальге барсақ, әділ қазылардың бағасына қарамаймыз. Әуелі Нұрқанат ұстазымыздың бағасын күтеміз. Себебі, ол режиссер ретінде де, көрермен ретінде де бақылап, лайықты баға бере алады», - деп түйіндеді Назерке Серікболқызы.

Нұрқанат ағаның тағы бір шәкірті театр және кино актері Даурен Серғазиннің ойынша, театр ұжымының 15 жылдық тарихты артқа тастап, танылып, көрермен ілтипатына бөленуі тікелей өнер қайраткерінің шеберлігімен астасып жатыр.


«Біз театрымыз ашылған күн мен қазіргі кезді салыстырсақ, жер мен көктей. 15 жыл көп уақыт емес, дегенмен, атқарылған жұмыстар ауқымы зор. Аптасына кем дегенде 4-5 спектакль қоямыз. Оның әрқайсысына 300-400 адам келеді. Бір аптада 1500 көрермен, ал айына 4-5 мың көрерменді қамтимыз. Біздің басты миссия – көрерменнің көңілі. Бұл мақсатты театрымыз орындап келеді. Сонымен қатар, ұжымның ең үлкен жетістіктерінің бірі – Қазақстанның туын шетелде желбірету. Яғни, қазақ мәдениеті мен тарихын өзге мемлекеттердің халқына дәріптеу. Ол үшін талмай еңбек етіп келеміз. Бұл орайда Нұрқанат ағай бізге дұрыс жол көрсетіп, демеу беріп отырады. Аз уақыттың ішінде театрдың танылып, қалыптасып үлгеруі сол кісінің шеберлігінің арқасы деп білеміз», - дейді театр және кино актері Дәурен Серғазин.


2023 жылы «Жастар» театры не ұсынады?

Келер жылы өнер ұжымы көрермендерге бірнеше тың туынды ұсынбақ. Әзірге нақты жоспарланған екі спектакль бар.

«Алдағы уақытта болатын нақты екі қойылым жоспарлануда. Біріншісі – арнайы біздің театрға арнап Қырғыз елінің драматургы Қайрат Иманалиев Шоқан Уәлиханов пьесасын жазып жатыр. Ол тек біздің театрда қойылмақ. Екіншісі – Ермек Аманшаевтың еш жерде қойылмаған, киноға да сұранған шығармасы бар. Соны да біздің театрға арнайы беріп жатыр», - деді театр директоры Әділ Ахметов.

Сонымен қатар, келер жылы бұдан өзге де спектакльдер сахналанады. Қосымша, театр ұжымы гастрольдік сапарларға шығуды жоспарлап отыр.




Фото: Жастар театрының жеке мұрағатынан


Соңғы жаңалықтар