Театрда техникалық маман тапшы, заманауи пьесалар да жетіспейді - сарапшымен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік алғалы елімізде 20 жаңа театр ашылыпты. Қазір Қазақстанда 65 театр жұмыс істейді. Қазақстанның талантты жастары өз өнерін елімізде де, шетелде де лайықты түрде көрсетіп келеді. Осы орайда, театрлардың қазіргі хал-жағдайы мен болашағын бағамдау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті Кинематография және театр өнері басқармасының бас сарапшысы Гүлнафис Мырзашевамен сұхбаттасқан едік.

- Қазақстандағы театр өнері қалай дамып келеді? Жаһанды жайлаған пандемия салдары салаға қалай әсер етті?

- Қазіргі таңда еліміздегі театрлар қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Театрлардың өз бағытына, ерекшелігіне қарай қызмет атқаруы да әртүрлі. Дегенмен, жергілікті атқарушы органдардан өңірлердегі театрлардың қызметін жақсартуға және қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуге баса назар аударуын сұрар едік.

Жалпы, пандемия жағдайына келер болсақ, еліміздің театрлары басқа да мәдениет пен өнер ұжымдары секілді стационардағы жұмыстарын тоқтатып, онлайн режимге көшті. Олардың алдында халықтың еңсесін көтеру, халықпен бірге болу, барынша қолдау көрсету мақсаты тұрғандықтан, олар өз қызметін жалғастырып, онлайн форматтағы түрлі шараларды іске асырды. Көптеген қайырымдылық шаралар ұйымдастырды. Әлеуметтік желілерде театр репертуарындағы спектакльдер мен театр тарихына қатысты деректі фильмдер көрсетіліп, танымал актер, режиссер және басқа да театр майталмандарының көрерменмен онлайн кездесуі, актерлік шеберлік, сахна тілі, сахна қимылы, ұлттық би сияқты түрлі бағыттар бойынша театрсүйер қауымға арналған онлайн дәрістер оқылды. Қазақ, орыс, корей, неміс, ұйғыр тілдерінде балаларға арналған ертегілер, ток-шоулар, мерекелік бейнеқұттықтаулар және тағы сол секілді түрлі шаралар ұсынылды. Жалпы онлайн іс-шаралар - театр өнері саласы қызметінің басқа да мүмкіндіктерін көрсетіп, осы өнерге халықтың қызығушылығын арттыруға ықпал етті. Өйткені әлеуметтік желі арқылы театрлардың қызметімен танысу әлемдегі барша өнерсүйер қауымға қолжетімді болды. Оған қоса, театрлар қазіргі таңда заманауи техникалық мүмкіндіктерін, қандай кемшіліктері барын анықтады және жаңа көзқараспен жұмыс істеуге бағыт алды. Әрине, пандемия кезінде карантин шектеулеріне байланысты сахнаға шыға алмай, жоспарланған жұмыстар жүзеге аспай қалды. Алайда мемлекет қолдауы арқасында қызметкерлердің еңбекақысы сақталып, жұмыстан қысқарту болған жоқ.

- Жалпы отандық театрлар қалай қаржыландырылады?

- Еліміздегі мемлекеттік театрларға бюджеттен субсидия беріледі. Республикалық театрлар тиісінше республикалық бюджеттен, өңірлік театрлар жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Одан бөлек, театр өнерін дамыту бағытында министрлік тарапынан жыл сайын республикалық, екі жылда бір рет халықаралық театр фестивальдері, сондай-ақ мамандардың шеберлігін шыңдау мақсатында мастер-кластар, практикумдар өткізіледі. Министрлік өткізетін фестивальдердің жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Оған қоса, театр мамандары алыс-жақын шет елдердегі беделді оқу орындарына және театрларға тағылымдамаға жіберіледі.

- Осы тұста, өңірлердегі театрлардың жағдайына тоқталып өтсеңіз. Көбіне орталықтағы, яғни үлкен қалалардағы театрларға көрермен көп барады. Салыстырмалы түрде, олардың өңірлердегі өнер ордасынан жағдайы айтарлықтай жақсы. Аймақтардағы театр жұмысын жақсарту бағытында қандай шаралар қолға алынды?

- Қазіргі таңда 44 өңірлік театр халыққа қызмет атқаруда және олар жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Қазақстан Республикасы «Мәдениет туралы» Заңына сәйкес, өңірлік театрлардың қызметін жақсарту мақсатында жергілікті атқарушы органдар жанынан театр өнері бойынша өңірлік көркемдік кеңестер құрылған. Аталған кеңестер театрлардың репертуарлық саясатын үйлестіруге, театрларда қордаланған мәселелерді анықтап, шешімін табуға ықпал етеді. Қажет болған жағдайда өңірлік деңгейде шешілмей жатқан мәселелерді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Театр өнері жөніндегі көркемдік кеңестің қарауына ұсынады.

- Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен көптеген сала мамандарының жалақысы артып жатыр. Театр қызметкерлерінің айлығы ше?

- Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында 2020 жылы басқарушы және негізгі персоналдың (А, Б блоктары бойынша) ерекше еңбек жағдайлары үшін мәдениет және архив қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына республикалық және жергілікті деңгейде тиісінше 50% және 35% мөлшерінде қосымша ақылар белгілеу арқылы жалақы көтерілді. Сонымен қатар Президенттің 2021 жылғы Жолдауында 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейін азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарына белгіленген мөлшерлерге түзету коэффициентін 20%-ға дейін қолдану арқылы жалақыны арттыруға тапсырма берілді. Осыған орай, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап театр қызметкерлерінің лауазымдық жалақы мөлшеріне 1,23% түзету коэффициенті енгізілді.

- Театр мамандарын даярлау жұмыстары қалай жүргізіледі? Елде сала мамандары жеткілікті ме? Оқу орындары ше? Маман даярлауда кандай проблема бар?

- Театр өнері саласының мамандарын елімізде негізінен Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Қазақ ұлттық өнер университеті, Қазақ ұлттық хореография академиясы, Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада және цирк колледжі дайындайды. Аталған оқу орындары театр ұжымдарының сұранысын ескере отырып, театр саласы бойынша мамандарды даярлап келеді. Алайда сахнада қойылымның жүзеге асуына тікелей қатысы бар және кәсібилік талап етілетін театр саласындағы жарық және дыбыс қою операторлары, сахна механигі мен машинисі, қойылым бөлімінің маманы сияқты техникалық мамандар тапшы. Оған қоса, Қазақстанда осы бағыттағы кейбір техникалық мамандарды даярлайтын орта кәсіби және жоғары оқу орындары жоқ. Осыған орай, театрларда қызмет істеп жатқан жоғарыда көрсетілген мамандардың біліктілігін арттыру, тағылымдамадан өткізу бойынша шаралар ұйымдастырылуда және өзекті мәселені шешу жолдары қарастырылып жатыр.

- Мемлекет тарапынан таланттарды қолдау және оларды дамыту жұмыстары қалай жүргізілуде?

- Өнер саласындағы дарынды жастар, талантты тұлғалар мемлекет тарапынан әрқашан қолдау табатыны бәріне белгілі. Елімізде өткізіліп жүрген өңірлік, республикалық, халықаралық деңгейдегі фестивальдердің барлығы талантты және кәсіби мамандарды анықтап, оларды қолдау мен ынталандыру мақсатында ұйымдастырылады. Фестивальдердің жеңімпаздары арнайы дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ, шет елдерде өтетін беделді фестиваль, байқауларға ұсынылады. Сонымен бірге, өз өнерімен биік жетістіктерге жеткен талантты театр қызметкерлері салалық, мемлекеттік марапаттармен наградталады, құрметті атақтарға, мемлекеттік стипендияларға ие болады.

- Республикалық театр фестивалдері қалай ұйымдастырылады? Үздік қойылым қандай критерий бойынша анықталады?

- Қазақстанда Тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 1992 жылдан бері жыл сайын өткізілетін дәстүрлі Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалін Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырады. Аталған фестиваль Қазақстанда театр өнерін дәріптеп, көпшілікке тарату, дәстүрлі театр өнерін сақтап, әрі қарай дамыту, дарынды әртістер мен режиссерлерді анықтап, оларға қолдау көрсету, заманауи сахна процесіндегі негізгі басымдықтарды анықтау мақсатында өткізіледі. Фестиваль әр жылдары облыс орталықтарының көпшілігінде өткізілді. Ағымдағы жылы фестиваль елордада көрнекті театр және кино актрисасы Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына орай өткізілуі жоспарланған.

Ал «Үздік қойылым» номинациясының критерийіне келер болсақ, осы жүлдеге лайықты қойылымның көркемдік деңгейі жоғары шығарма болуы, режиссерлік шешім, актерлік ойын, декорация мен костюмдердің қойылымға үйлесімділігі сияқты сахна заңдылығының сақталуы бағаланады. Ең алдымен, фестивальға ұсынылған қойылымдар сарапшылар кеңесінің іріктеуінен өткен соң қатысуға жолдама алады.

Биыл министрлік тарапынан республикалық және халықаралық театр фестивальдері театр саласына еңбек сіңірген көрнекті тұлғаларымыздың мерейтойларына арналып өткізілетін болады. Әр фестивальге қатысудың өз шарты мен оны өткізудегі мақсаты болады, осыған орай халықаралық фестивальдердің талаптарына сай келген қойылымдар шараны ұйымдастырушылар тарапынан іріктеліп алынады.

- Театрларда қандай проблема бар? Биыл театр саласында қандай өзгерістер болады?

- Қазіргі уақытта әр театрдың өз проблемасы бар. Бірақ бәріне ортақ мәселе – техникалық мамандардың тапшылығы. Сонымен қатар, бізге бүгіннің өзекті мәселелері мен жетістіктерін сахна арқылы көрерменге жеткізетін көркемдігі жоғары заманауи пьесалар қажет. Сондай-ақ драматургиялық шығарманы сахна заңын сақтай отырып, креативті бағыттарды пайдаланып, көрерменнің қызығушылығын тудыратын қойылымдарды сахналайтын режиссерлер жоқтың қасы. Міне, осы бағытта жұмыс жүргізілсе деген тілегіміз бар.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Венера Жоламанқызы


Соңғы жаңалықтар