Театр өнері жөніндегі көркемдік кеңестің республикалық отырысы өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы көркемдік кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімов, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов, Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова, еліміздің барлық өңірінен келген 50-ден астам театрдың басшылары, көркемдік жетекшілері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында қазіргі драматургияның жай-күйі, жергілікті жерлердегі халық театрларының ахуалы, театр мамандарының біліктілігін арттыру курстарын жандандыру, ЖОО маман даярлау, көркемдік кеңестің талқылауына ұсынылған пьесаларды сараптау, театр өнері саласына қатысты әртүрлі мәселе талқыланды. Сонымен қатар, басқосуға жиналғандар биыл маусым айында мемлекеттік сатып алу туралы заңға енгізілген өзгерістер жайында да ұсыныстарын айтты.

Осы ретте Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімов бүгінгі отырыста қызу талқыланған тақырыптардың көпшілігі бұрыннан бері бар екенін, алайда шешімін таппай келе жатқандығына тоқталды.

«Дегенмен, мәселелер бар екен деп, қол қусырып отырған да жарамайды. Мәселен, 7-8 жылдың көлемінде театр сахнасында белгілі бір образ қалыптастырған актер шыққан жоқ. Бәрі тек белгілі бір рөлді сомдаудан ары аса алмай жүр. Егер қоғамдық құбылыс туғызып, көрермен көңілінен шығатын туындылар саны артса қолдаусыз қалмайды», - деді ол.

Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов осыдан 15 күн бұрын Қазақстан театр қайраткерлері одағының атынан еліміздегі барлық театрлардың жай-күйі мен саладағы мәселелердің сырт қалмауын айтып, Мемлекеттік хатшыға хат жолдағанын жеткізді.

«Сонымен қатар, біз хатта театр қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсету керектігін, «Қазақстанның халық әртісі», «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» деген атақтарды қайтаруды көтердік. Қазір әр аймақ өзінің фестивалін өткізе салатын болды. Түптеп келгенде бұл жақсы үрдіс емес. Жалпы фестивальдер аясын кеңейтіп, сахналанатын қойылымдар Театр қайраткерлері одағы мен Қазақстан театрлар ассоциациясының сүзгісінен өтіп отыруы керек. Ал осы қоғамдық ұйымдар министрлікпен қоян-қолтық жұмыс істегенде ғана драматургияны дамыта аламыз», - деді ол.

Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры Асхат Маемиров қазір театр саласында менеджментті дамыту керектігін тілге тиек етті.

«Менеджмент дегенде, Еуропа театрларының көрерменмен қалай тығыз қарым-қатынас орнатқанын мысалға алуға болады. Осылайша, өнер ордалары жанама табыс көзін тауып, түйінді жәйттерді өздері шешер еді»,- деді А.Маемиров.

Жиынды қорытындылай келе, Мәдениет және спорт вице-министрі ашық әрі еркін диалог болғанын атап өтті.

«Бүгін көтерілген тақырыптардың барлығы хаттамаға түсірілді. Енді осы бойынша тиісті органдар жұмыс істейтін болады. Келесі жиынды күтіп отырмай тез арада істің шешімін табуды қамтамасыз ету маңызды», - деді Нұрғиса Дәуешов.

Соңғы жаңалықтар