Тбилисидегі қақтығыс: Полиция ереуілшілерге қарсы резеңке оқ атып, су шашты

None
None
ТБИЛИСИ. ҚазАқпарат - Грузия астанасындағы ереуілді басу үшін полиция көз жасаурататын газ, резеңке оқтар және суатқыштарды қолданды. Наразылық шарасына шыққандар Үкімет мүшелерінің отставкаға кетуін талап етіп, парламент ғимаратына кірмек болған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» BBC-ге сілтеме жасап.

Жаппай наразылық бейсенбі, 20 маусым күні Ресей делегациясының Тбилисиде өткен Православие парламентаралық Бас ассамблеясына қатысуынан кейін басталды. Делегацияны бастап келген РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Сергей Гавриловтың сессия кезінде Грузия Парламенті спикерінің креслосына отырып, жиналғандарға орыс тілінде сөйлегені оппозицияның наразылығын тудырған. Мұны қорлау деп бағалаған Грузияның оппозициялық депутаттары наразылықтарын білдіріп, Бас ассамблеяның жұмысын тоқтатты.

Франс пресс агенттігінің хабарлауынша, 10 мыңға жуық адам Парламент ғимаратының алдына жиналып, полицияның құрған шебін жарып өтіп, Парламент спикері Ираклий Кобахидзе және басқа да ресми тұлғалардың отставкаға кетуін талап еткен.

Полиция шабуылды тойтарып, жұма күні таңға жуық Руставели даңғылына жиналғандардың басым бөлігін таратқан.

ВВС тілшісінің мәліметінше, ереуілшілердің бір бөлігі әлі тараған жоқ.

Олар Тбилиси филармониясы ғимаратының маңайында баррикада құру үшін көшені автобус, қоқыс жәшіктерімен жауып тастаған.

Денсаулық сақтау министрі акцияға қатысқандардың 14-і және 38 полицейдің жараланғанын хабарлады.

Бұрынғы билеуші партия «Біртұтас ұлттық қозғалыстың» лидерлерінің бірі, Парламент депутаты Роман Гоциридзе жұмаға қараған түні журналистерге жүзден астам азаматтың жарақат алғанын мәлімдеген.

Грузия ІІМ полиция Парламент ғимаратына кірмек болғандарды тоқтату үшін заңмен белгіленген арнаулы құралдар қолданылғанын мәлімдеді.

Грузия премьер-министрі Мамука Бахтадзе бұрынғы президент Михаил Саакашвили негізін қалаған оппозициялық «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясын елді құқық аясынан шығармақ болды деп айыптады.

«Грузияда кез келген адамдар тобының наразылық білдіру құқығы бар. Бұл жолғы наразылықтың әділ болғанын тағы қайталаймын. Бірақ біз бақылап отырған соңғы екі сағат ішінде агрессияшыл топ, «Ұлттық қозғалыс» Грузияны елде мәңгілікке құрылған құқықтық аядан шығару үшін күш қолданып жатыр», - деді Бахтадзе.

Соңғы жаңалықтар