Тазы тұқымын көбейту үшін күшігін тегін беремін - Әділбек Әбу

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік теміржолшы Әділбек Әбу аңшылыққа әуес. Ол бала күнінен бері тазы баптап, аңға шығуға машықтанған. Ұлттық өнеріміздің бірін қайта жаңғыртып, дәріптеу үшін күшіктерін тегін таратып жүр. Арманы – қазақ тазысын патенттеу, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әділбек Әбу Темір ауданы, Шұбарқұдық кентінде дүниеге келген. 2009 жылы Кеңсахара орта мектебін бітіріп, кәсіптік лицейге оқуға түсті.

2013 жылы қолына диплом алып, машинист көмекшісі болып жұмысқа орналасты. Содан теміржол саласында тұрақты еңбек етіп келеді.

Жұмысы бір бөлмек, үйінде тазы асырайды. Қазір төрт иті бар.

«Әкеміз, ағаларымыз тазы бақты, үйретті. Біз де қансонарға ере шығып, тазы қосу әдісін меңгердік. Біз күшік құшақтап өскен ұрпақпыз. Ұядан көргенімді жоғалтпай, жаныма ит ерттім. Өзім Темір ауданында туып-өскеніммен, қазір жұмыс бабымен Әйтеке би ауданында қоныс аудардым. Сонда да ата жолын жалғастырып жүрмін. Қазір қолымда төрт тазы бар. Мал бағатын шаруашылықтарға «аңшылыққа үйренсін» деген оймен беріп қойдым. Өзім демалыс күндері барып, аңға шығып тұрамын. Негізі әкімнің інісі марқұм Мұратай Аманбайұлы тазы бағудың қыр-сырын жан-жақты үйретті. Інім Жандос екеуміз бірге жүрдік. Қазір отбасымда өзім ғана айналысамын. Әкем кейде қызығып, тазы салады», - деді Әділбек Әбу.


Ақтөбеде тазы бағып, бар күтімін жасап отырған жанашырлардың өз тобы бар.

Олар әлеуметтік желіде «Тазы жанашырлары» атты тобын ашып, пікір алмасып тұрады.

«Ойы ортақ, мақсаты бір топта тұқым алу, аңшылық кәсіп туралы әңгіме жүреді. Замандасымыз Ғабит Сейітжанов тазыны қасқырға салуды қолға алды. Өзімнің жанымда Азамат Томаев бар. Оның да үш тазысы бар. Қазір ата жолды дамытуға мүмкіндік бар. Тек сәл-пәл қолдау керек. Біз қазақ тазысын патенттеуіміз керек. Көбі итті аңшылық мақсатта ұстайды. Құндылығына аса мән бермейді. Қызығып сатып алады. Кейде шыққан тегіне қарамайды. Ал аң ауламаған соң асыраудан бас тартады. Ия, құны бағалы. Әркім әртүрлі сатады. Өзім сатпаймын, беріп жіберемін. Кез келгеннің қолына ұстатпаймын, нағыз жанашырға беремін. Ақтөбе облысында қазір құжат бойынша 67 тазы бар. Тек осы бөлігі ғана көрмеге қатысады. Бір тазыны апарып, таныстыру үшін 10 мың теңге қажет. Осы тұста көбі кері тартып, құжат рәсімдеуден қашады», - деді ол.

Әділбек Әбудің айтуынша, мал дәрігерлері де иттің күтімін жасауға ынталы емес. Вакцина егу кезінде көп кедергіге тап болады.

«Құжаттандыру, тіркеу бағытында «Тазы тұқымын асылдандыру» атты тобымызда айтылады. Бұл жерде көрмелерге дайындау, тұқым алу, алмасу, сатып, сатып алу талқыланады. Жалпы тазы бағатын ақтөбеліктер бір-бірін жақсы таниды, тәжірибе алмасады. Итті баптаудың өз артықшылығы бар. Алты ай сайын екпе аламыз. Қарапайым мал дәрігерлері келіп, вакцина беруге ерінеді. Тазы күшігінің біреуіне 5 мың теңге жұмсалады. Паспортын да жасату керек», - деді тазы жанашыры.

Ол аң терісін кәдеге жаратуды әлі үйренбеді. Дегенмен аң терісін сұрағандардың қолын қаққан емес, керісінше, тілегін орындап, кейде қанжығасындағы түлкіні де ойланбастан ұстатып жібереді.


«Аң терісін илеуді білмеймін. Кейде адамдар түлкі аулағанда терісін сұрайды. Сол кезде беремін. Аңнан келе жатқанда алдымнан шыққан бірінші адамға олжаны ұстатып жіберемін. Жеті қазынаның бірі –ит. Тіпті киіз үйден тазыға орын беріп, арнайы баптаған. Аштық кезінде бір тазы бір ауылды асыраған екен. Тазы – таза. Одан жағымсыз иіс шықпайды. Күтіміне келер болсам, өз олжасын өзіне бермейміз. Тек сойған кезде сүйек-саяғын лақтырып жібереміз. Қыста базардан арнайы ет сатып аламыз. Үйден шыққан асты береміз. Дүкендегі дайын азығын да аламыз. Аңға шығатын кезде жеңіл тамақ пісірген жөн. Себебі ас тез қорытылуы тиіс. Ет қайнатамыз, сорпасын ішкіземін. Қазір аңшылық тоқтады. Енді қоң жинайды. Күшік алмасамыз. Ал қыркүйекте баптай бастаймыз», - деді Ә.Әбу. Ол 13 жасында аңға шығып, қанжығасын майлады. Қазір де тазы күтіміне ерекше мән береді.

«Ең үлкен олжам – елік. Қоян, түлкі, борсық та мен баққан тазы олжасы. Біз аңшылыққа шыққанда арнайы рұқсат құжатын аламыз. Мәселен, елікке қыркүйекте береді. Инспекторларға ескертеміз, қансонарда аңға шығамыз. Бұрын тазымен аң аулауға шектеу болмаған. Кейін браконьерлер шығып, қару қолданатындар көбейді. Кесірі ұлттық өнер, аңшылықты дамытуға кедергі келтіріп отыр. Тазы баптап, аңға шығу қазақ спортының түріне енсе деп тілейміз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар