Тәжірибелі геологтардың бәрі зейнет жасына таяп қалды - министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Үкімет отырысында елде тәжірибелі геологтардың орнын алмастыратын мамандар тапшы екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету мәселелері салаға айтарлықтай әсер етеді. Бізде арнайы бағыттағы мамандардың жетіспеушілігі айқын көрініс табуда. Сонымен қатар қазіргі уақыттағы тәжірибелі геологтардың орташа жасы зейнеткерлікке жақын. Ал жақында ғана оқуын аяқтаған жас мамандар сандық және сапалық құрамы жағынан сұранысты қанағаттандырмай отыр.

Өз кезегінде ғылыми геологиялық ұйымдар жер қойнауын зерттеу және геологиялық барлау бойынша практикалық жұмыстарға аз қатысады», - деді ол.

Ведомство басшысы геология саласын ғылыми-зерттеу және кадрлық қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін салалық нұсқаулықтар мен әдістемелік ұсынымдар әзірленетінін айтты.

«Ғылыми ұйымдар жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге тартылатын болады және геологиялық барлау жұмыстарын жолға қоюдың озық ғылыми негіздемесін қамтамасыз етеді.

Арнайы бағыттағы мамандарды нысаналы даярлау жүргізілетін болады, сондай-ақ қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады. Студенттер жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу объектілерінде өндірістік практикадан өтетін болады.

Бұл практикалық деңгейін жақсартуға және пайдалы қазбалары бар жаңа перспективалы аумақтарды ашуға мүмкіндік береді», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар