Тәжірибелі дипломат ретінде Тоқаевтың билік пен халық арасындағы байланысты нығайтуға қабілеті жетеді - Мейрамбек Қиықов

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Елімізде демократия дамып, саяси мәдениетіміз өсті. Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов осындай ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 28 жылдың ішінде Қазақстан өзінің тарихында болмаған үлкен өзгерістерге қол жеткізді. Экономикасы қарыштап дамып, әлемге танылды. Бейбітшілікті сақтау тұрғысында әлемге үлгі көрсеттік. Осының бәрі тұрақтылықтың арқасында орнығып отыр. Міне, осы үрдісті одан әрі жалғастырып, халықтар арасындағы бірлік пен татулықты, достықты нығайту Тәуелсіз еліміздің екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктеліп отыр.

«Елдің өркендеу кепілі мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығында және оған деген құрмет пен адалдықта жатыр. Онсыз ешқашан тұрақтылық та, даму да болмайды. Бүгін де бізге әлем көз тігіп отыр. «Бұлар қалай сайлауды өткізді екен, халықтың бірлігі қалай екен?», деп, сырт көз сыншы болып отырғанда, халқымыздың бірлігін күшейтуіміз керек. Ол үшін билік пен халық арасындағы байланысты нығайту керек. Бүгінгі күні түйіткілді болып отырған әлеуметтік мәселелер бірінші кезекте шешілуі тиіс. Бұған дипломат ретінде көп жылғы тәжірибесі бар жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барынша үлес қосады деп сенемін. Аға ұрпақ соны қалайды», дейді Мейрамбек Қиықов.

Сонымен қатар, ол қазіргі ұстанған бағытымыз дұрыс, бірақ, қатып қалған қағида жоқ, әлемде өзгеріс болып жатқаннан кейін біз де соған қарай бейімделіп, өсуіміз керектігін айтады.

«Көрші елдерге де қарап, жаһанда болып жатқан жағдайларға көңіл аударып, соған қарай әрекет ете білуіміз керек. Әлеуметтік-саяси жағдайлардағы өзгерістер де бұл заманның, уақыттың талабы. Экономиканы дамытатын жастарымызды білімді де, өнерлі етіп тәрбиелесек болашағымыз да жарқын болары сөзсіз. Елімізде демократия дамып, саяси мәдениетіміз өсті. Сондықтан, мемлекетті басқаруда тәжірибесі мол, халықаралық жағдайда өзін таныта алатын жаңа Президент осы мәселелерге ерекше назар аударса екен дейміз», деп түйіндеді Мейрамбек Қиықов.

Соңғы жаңалықтар