Тәжіктің арзан энергиясын жеткізу үшін Ресей-Қазақстан-Орталық Азия нарығын құру ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәжікстан Республикасының энергетика және су ресурстары министрі Усмонзода Усмонали Қазақстанға тәжіктің арзан су электр энергиясын жеткізу үшін Ресей-Қазақстан-Орталық Азия бірыңғай нарығын құруды ұсынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Үлкен мүмкіндіктерге ие KEGOC (Қазақстанның бірыңғай электрэнергетикалық жүйесінің операторы - ред.) Ресей-Қазақстан-Орталық Азия бірыңғай нарығын құрса деген тілегіміз бар. Бұл нарықта жұмыс істеу арқылы біз өңірдегі ресурстарды барынша тиімді қолданар едік. Мәселен, Тәжікстанның су ресурстары артылып жататын жаз мезгілінде көмір жағудың не қажеті бар?  Қазақстанның энергетиктері осы бастаманы қолға алып, өңірлік нарық құруын қалаймыз», - деді ол Астанада ЭКСПО-2017 медиа-орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Жазғы маусымда Тәжікстан республикасы аса үлкен көлемде су электр энергиясын өндіргенімен, ауқымды шығынға ұшырайды. ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Тәжікстан экспозициясының директоры Одила Санговтың айтуынша, республика өндірілген энергияны қайда сатарын білмей, жылына 250 млн доллардан астам қаражаттан қағылып отыр. Тәжікстанда бір жылдық өндіріс әлеуеті 527 млрд кв/сағатты құрайды, ал оның 4-5 пайызы ғана игеріледі.

«Біздегі бір киловаттың өзіндік құны бар-жоғы 2 цент қана. Бұған сену қиын,бірақ шынында да энергия өте арзан», - деп атап өтті ол.

«Артылып қалатын энергияны қатты шикізаттар, газ және көмір өндіретін Орталық Азияға сатқымыз келеді. Осылайша, қаражатты айтарлықтай үнемдеп, арзан әрі экологиялық таза энергияны қолдануға болады», - деп толықтырды министр.

Айта кетейік, бүгін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде Тәжікстанның Ұлттық күні тойланып жатыр. Тәжікстаннан арнайы келген делегация Қазақстанның және көрмеге қатысушы елдердің павильондарын аралап көрді.  

 

 

Соңғы жаңалықтар