Тәжікстанның ішкі істер министрлігі терроризмге қарсы операция бастағанын хабарлады

None
None
ДУШАНБЕ. Ховар - ҚазАқпарат – Тәжікстанда терроризмге қарсы операция басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Тәжікстанның Ховар агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің Тәжікстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауынша, 2022 жылдың 17 мамырында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыру мақсатында Тәжікстан Республикасы Рушан ауданындағы автожол учаскесінде, мемлекеттік шекара сызығында «Душанбе — Кульма» халықаралық автотрассасын заңсыз жауып тастаған.

Қылмыскерлер халықаралық террористік ұйымдардың қолдауымен елден тыс жерде қару-жарақ пен оқ-дәрілер алған, сондай-ақ террористік әрекеттер мен арандатудың басқа түрлерін жүзеге асыру үшін шетелдік жалдамалы содырларды тартқан.

Бұл әрекет конституциялық құрылыстың негіздеріне қарсы бағытталған. Ұйымдасқан қылмыстық топтар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тапсыру туралы заңды талаптарын орындамаған және қарулы қарсылық көрсеткен.

Халықаралық террористік ұйымдар құрған және қаржыландыратын Рушан ауданында ұйымдасқан қылмыстық топтар әрекетінде террористік сипаттағы қылмыс белгілері бар.

«Осыған байланысты азаматтардың қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және «Душанбе — Кульма» халықаралық автомобиль жолы бойынша Рушан ауданындағы жол учаскесінде көлік құралдарының кедергісіз қозғалысын қалпына келтіру мақсатында елдің құқық қорғау органдары терроризмге қарсы операцияны бастады»,-делінген Тәжікстан ақпарат агенттігі таратқан хабарда.


Соңғы жаңалықтар