Тәжікстанда президент сайлауында Эмомали Рахмон 90,92 пайыз дауыс жинады

None
None
ДУШАНБЕ. ХОВАР-ҚазАқпарат – Тәжікстанның Сайлау және референдум жөніндегі орталық комиссиясының (СРОК) төрағасы Бахтиер Худоёрзода 11 қазанда өткен президент сайлауының қазіргі нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ховар агенттігіне сілтеме жасап.

Бахтиер Худоёрзоданың айтуынша, Тәжікстан тәуелсіз кәсіподақтар Федерациясы, Тәжікстан Жастар Одағы және Тәжікстан Халықтық Демократиялық партиясы атынан Тәжікстан Республикасының Президенті лауазымына кандидат Эмомали Рахмон 90,92% дауыс жинап, Тәжікстан Республикасының Президенті болып сайланды.

СРОК-тың мәліметі бойынша Тәжікстанда 68 сайлау округі, ел ішінде 3375, шетелде 39 сайлау учаскесі құрылды. Сайлаушылардың саны 4 943 289 адам. Алғашқы боп дауыс бергендер саны — 105 399 адам.

«Дауыстарды есептеудің алдын-ала нәтижесі бойынша 2020 жылғы 11 қазандағы Тәжікстан Республикасының Президентін сайлауға 4 221 076 сайлаушы, яғни сайлаушылардың 85,39%-ы қатысты», - деп атап өтті СРОК төрағасы Бахтиер Худоёрзода.

СРОК-тың мәліметі бойынша Тәжікстанның аграрлық партиясынан кандидат Рустам Латифзод 3,03%, Тәжікстанның экономикалық реформалар партиясынан кандидат Рустам Рахматзод 2,15%, Тәжікстан Компартиясынан кандидат Мирож Абдуллоев 1,17%, Тәжікстан Социалистік партиясынан кандидат Әбдухалим Гаффоров 1,49%, Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының, Тәжікстан жастар одағының және Тәжікстан халықтық Демократиялық партиясынан кандидат Эмомали Рахмон 90,92% дауыс жинаған.


Соңғы жаңалықтар