Тәжікстанда парламент сайлауы өтіп жатыр

None
None
ДУШАНБЕ. ҚазАқпарат – Тәжікстанда Мәжлисиде Оли Мәжлиси намояндагон (парламенттің төменгі палатасы) жаңа шақырылым депутаттарының сайлауы Тауля Бадахшан автономиялы өлкесінде, Душанбе қаласында, республиканың қалалары мен аймақтарында өтіп жатыр.

Тәжікстанның Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясының мәліметінше, сайлауды ұйымдастыру және өткізу үшін бірыңғай жалпыреспубликалық және 41 бір мандатты сайлау округі құрылды.

Сайлау учаскелері республиканың барлық аймақтарында сағат 06:00-ден 20: 00-ге дейін жұмыс істейді. Республикада 3 412 сайлау учаскесі бар.

Елден тыс жүрген азаматтар Тәжікстанның шет елдердегі елшіліктері мен консулдық мекемелерінде дауыс бере алады. Жалпы 30 елде 39 сайлау учаскесі ашылды.

Сайлауға 63 депутат сайланады. Олардың 41-і - бір мандатты сайлау округтерінен және 22-сі - бірыңғай жалпыреспубликалық сайлау округіндегі саяси партиялардың тізімдері бойынша.

Сайлау алды жарысқа жеті партия қатысты. Аграрлық партиядан - 13 кандидат, Социалистік партиядан - 5, Тәжікстан Халықтық демократиялық партиясынан - 26, Экономикалық реформалар партиясынан - 7, Демократиялық партиядан - 4, Социал-демократиялық партиядан - 5, Коммунисттер партиясынан - 5 кандидат.

Бірыңғай жалпыреспубликалық сайлау округінен 22 депутаттық орынға 65 үміткер өтініш берген.

Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясының мәліметінше, сайлауға қатысу үшін тізімге 4,9 миллионнан астам сайлаушы енгізілген.

Сайлауға түрлі халықаралық ұйымдардың 230-дан астам байқаушысы қатысып жатыр.

Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясының мәліметінше, 12:00-дегі жағдай бойынша республикада 2,3 миллионнан астам сайлаушы дауыс берген.

«12:00-дегі жағдай бойынша республикада 2 миллион 323 мың 516 азамат немесе сайлаушылардың 47,1 пайызы дауыс берді» - деп хабарлады Тәжікстанның Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясының мүшесі Хидирзода Махфират.

Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясы алдын ала нәтижелерді дауыс беру аяқталғаннан кейін 24 сағат ішінде жариялайды. Парламент сайлауының соңғы нәтижелері екі апта ішінде жарияланады.



Соңғы жаңалықтар