Тәжікстан тіл мәселесінде табандылық танытып отыр

None
None
АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  ‑ Тәжікстан Парламентінің төменгі палатасы  «Тілдер туралы» тұңғыш заңның қабылданғанына 20 жыл толуы қарсаңында «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң жобасын мақұлдады. Ақпарат агенттіктерінің жазуына қарағанда, осы заң жобасы нәтижесінде Тәжікстандағы орыс тілі бұрынғыдай қосарланған ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесінен айырылып, тәжік тілі бір ғана ресми тіл ретінде бекітілмек. Республикада аталған заң күшіне енген күнде мемлекеттік органдармен, мекемелермен жазбаша, ауызша хабар алысу,  құжаттар, ақпарат  алу тек мемлекеттік тілде - тәжік тілінде ғана жүзеге асатын болады.

Әрине, Тәжікстанның бұндай қадамын үлкен ерлікке, ұлттық сана-сезімінің өсуіне әрі парламенттік тараптан қабылданған патриоттық шараға  толық балауға болады. Өйткені, «қай жерде орыс тілінде сөйлессе, сол жерде орыстың мүддесі толық қорғалуы шарт», деген саясатынан танбай келген Ресей үшін бұл ауыр соққы секілді. Шындығында, бірқатар орыстың саясаткер ғалымдары біраздан бері «сокращение распространение русского языка в мире - это сокращение российского влияния, как культурного, так и политического» деп ашық байбалам салып келеді. Сондай ұлы мүддесінен әлі де айырылмауды, керісінше әлемдегі орыстілді ортаны қалыпты ұстап, сол арқылы идеологиясын да, саясатын да, тіпті экономикасын да жүргізе түсуді көздейтін «Орыс әлемі» («Русский мир») атты қор жұмыс істейді. Мұншалықты үлкен саясаттың ықпалына қарамастан, экономикалық жағдайы Қазақстаннан әлдеқайда ауыр Тәжікстанның тіл мәселесіндегі тың қадамы шынымен де ерлікке балауға тұрарлық.

Есесіне Қазақстанда «Орыс әлемі» қорының екі-үш орталықтары ашылып үлгерді. Билік органдарындағы іс-қағаздардың мемлекеттік тілдегі айналымы өсудің орнына төмендеп кеткен. Тәжікстанмен бірдей кезеңде қабылданған «Тіл туралы» заңды жаңғыртып,  заман талабына айналдырудың жолы болмады. Бұндай мәртебелі заңның қабылданғанына 20 жыл толуына орай бірлі-жарымды конференциядан аса алмадық.  Есесіне, қоғамның назарын алу үшін елордадағы мекемелер арасында «Тілдер мерекесін» жарыса өткіздік. Ең ақыр аяғында, БАҚ болып жабылып, заң жүзінде «50-50» мәселесін шеше алмай сол күйінде қалдырдық. Осындай жетістіктерді тізбектей берсек,   ұлт үшін болатын шынайы жанашырлықтан құр қалып бара жатқандай боламыз. Шындығында, М. Шаханов айтпақшы біздің билікте тіл үшін жанашырлықтан гөрі  «қарын үшін жанашырлық» басым секілді.

Қазіргі күні өткен 20 жылға көз жүгірткен адам  тіл саясатының іске аспай тұрғанына қатысты көптеген себептерді алдыға тарта алады. Бірақ бұндай себептердің барлығы бір рет емес, бірнеше мәрте қайталанып, бұрыннан айтылып келеді. Тіпті соның арасында ешқандай да тың ұсыныс та,  бұрыннан айтылған ұсыныстарды дұрыс орындау құлқы да көрініс тапқан жоқ.  Сондықтан да,  бүгінгі айтылатын әңгіме де қай жағынан алып қарасаңыз да  бұрынғы жолдан таймағанмен бірдей секілді. Ондай саясаттан ештеңе өзгермек емес. Сол үшін де тілге қатысты бір ғана жол бар, ол - заңдық мәртебе жолы. Бұл бағытта Тәжікстанның заңын да үлгісін де зерделеген орынды.

Соңғы жаңалықтар