Тәжікстан мекемелері қазақстандық күзет жабдықтарын пайдаланады

None
None
ДУШАНБЕ. ҚазАқпарат – Душанбеде Петропавл ауыр машина жасау зауыты (ПАМЗ) дайындаған қазақстандық өндірістің күзет жабдықтарын Тәжікстанның Әділет министрлігіне берудің салтанатты рәсімі өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР СІМ-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Салтанатты рәсімге ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Рәпіл Жошыбаев, Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Асқар Тәжібаев, Тәжікстан Әділет министрінің орынбасары Мансурджон Умаров, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өңірлік өкілі Ашита Миттал, сондай-ақ ПАМЗ бен БҰҰ-ның елдік кеңселерінің өкілдері қатысты.

Шара аясында Тәжікстанның түзеу мекемелеріне арналған күзет жабдықтарының екі жиынтығын қабылдау-тапсыру туралы актіге қол қойылды. Бұл жоба Қазақстанның дамуға ресми көмек (ДРК) ұлттық жүйесінің жобасын іске асырудың арқасында ғана мүмкін болды.

ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Р. Жошыбаев ДРК ұлттық жүйесін құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, осы саладағы ұлттық операторды, «KazAID» агенттігін құру жөніндегі жоспарлар туралы айтып берді. Қазақстандық елші, сондай-ақ, Орталық Азия мен Ауғанстандағы ДРК шеңберіндегі бірқатар жобалардың іске асырылуы туралы хабардар етті және қазақстандық тараптың осы бағыт шеңберінде одан әрі бірлескен жұмысқа дайын екенін атап өтті.

Тәжікстан Әділет Министрінің орынбасары М.Умаров Қазақстан тарапына көмек көрсеткені үшін алғысын білдіре отырып, қазақ елінің осы маңызды бағыттағы қызметі Тәжікстандағы және жалпы аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Қазақстанның ДРК саласында айтарлықтай тәжірибесі бар. Қашан да біздің еліміз Ауғанстанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға білім беру гранттары мен оқу орындарын салу түрінде гуманитарлық көмек көрсетті.

Жобаны жүзеге асыру Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту жөніндегі бірлескен күш-жігер контексінде маңызды.


Соңғы жаңалықтар