Тәжікстан елшісі Мақтааралдағы этно-мәдени орталыққа музыкалық аспаптар сыйлады

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Тәжікстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ибодзода Хайрулла Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімі Бақыт Асановпен кездесті. Аудан басшысы Мақтаарал ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы елшіге таныстырып, ауданда басқа диаспоралардың мәдениетін дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сонымен қатар, әкім өткен жылы Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдайда тәжіктер қоныстанған Фердауси ауылын да су алғанын және апаттың салдарын жоюда бәріне теңдей көмек көрсетілгенін жеткізді.

«Мақтаарал ауданында 133 мыңнан аса тұрғын бар. Тәжік, өзбек, орыс, кәріс, әзербайжан және өзге де ұлт өкілдері тұратын көпұлтты ауданбыз. Барлық ұлттар бір-бірімен тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ол үшін 5 ұлттың этно-мәдени орталықтары белсенді жұмыс жүргізуде», - деді Бақыт Асанов.

Өз кезегінде елші Мақтаарал ауданы Тәжікстанмен агросектор саласында ынтымақтастықта жұмыс жүргізе алатынын және тәжірибе алмасып, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологиялармен бөлісіп тұруға болатынын атап өтті. Тараптар туризм, кәсіпкерлік, мәдениет саласында байланысты арттырып, жұмыстарды жандандыру жөнінде ортақ келісімге келді. Елші тәжік үлгісіндегі шәйханалар мен мейрамханаларды аудан орталығы Мырзакент кентінен ашу үшін арнайы жобаларды ұсынды.

Жиын соңында Ибодзода Хайрулла Мақтаарал ауданындағы тәжік этно-мәдени орталығына бірнеше ұлттық музыкалық аспап пен ұлттық киімдерді сыйға тартты.


Соңғы жаңалықтар