Тәжікстан Бадахшан өңіріне жарық жеткізу проблемасын шешуде ЭКСПО-ға үміт артады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде Тәжікстанның Ұлттық күні тойланып жатыр. Осыған орай, Тәжікстаннан арнайы делегация келіп, олар Қазақстанның және көрмеге қатысушы елдердің павильондарын аралап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз Қазақстан павильонына бардық және мұның шын мәнінде таңдай қақтырарлық орын екеніне көз жеткіздік. Мен бірнеше ЭКСПО-ға барғанмын, бірақ Қазақстан Президентінің жетекшілігімен ұйымдастырылған бұл көрме мені шын мәнінде таңғалдырды. Бұл 25 жылда үлкен табыстарға қол жеткізген Қазақстанның халқы мен Президентінің ерең еңбегі. Қазақстан - сауда-экономикалық қарым-қатынастарда біздің маңызды серіктесіміз және бүтін Орталық Азияны алға жылжытып отырған қозғаушы күш», - деді Тәжікстан Республикасы Президенті Атқару аппаратының шетелдік байланыстар басқармасының басшысы Бобозода Гуломджон баспасөз мәслихатында.

Делегация басшысы, Тәжікстан Республикасының энергетика және су ресурстары министрі Усмонзода Усмонали Қазақстанның ұлттық павильоны - «Нұр Әлемнің» екі қабатының өзін аралауға бір сағат уақыт кеткенін атап өтті.

Тәжікстанның су ресурстарына арналған экспозициясы «Жібек жолы» павильонында орналасқан және мұнда келушілер Тәжікстанның мұздықтары, өзен-көлдері, минералды және жылы су көздері туралы мәліметтермен таныса алады. Сонымен бірге, көрмеге Тәжікстандағы негізгі су электр стансыларының макеттері қойылған.

Атап өткен жөн, Арал теңізі бассейнінің 60 пайызға жуық су ресурсы Тәжікстаннан бастау алады және Тәжікстанның электр энергиясының  95%-дан астамы су электр стансаларында өндіріледі. Сондай-ақ Тәжікстан жаңартылатын энергия көздерін қолдану бойынша үздік алты мемлекеттің қатарына енеді.

Көрменің мәдени-тарихи бөлімінде келушілерге Тәжікстанның туристік орындары мен Орталық Азия халықтарына ортақ Наурыз мерекесі туралы мол мағлұмат беріледі.

Кіреберісте лазурит, кальцит, мәрмәр, жолбарыс көз, амазонит, гранит, хрусталь сынды асыл тастардан жасалған екі метрлік «Бақыт ағашы» қойылған. Ел президентінің тапсырмасымен жасалған бұл ағашқа 12 мың асыл тас жұмсалған.

Тәжікстанның 98 пайыз аумағында бірыңғай энергия жүйесі орналасқан және қуаттың 95 пайыздан астамы су электр стансыларында өндіріледі. Бірақ, орталықтан 500 шақырым қашықтықта орналасқан таулы Бадахшан өңіріне электр қуатын жеткізу аса күрделі болып отыр және 50-100 отбасы тұратын ауылдар арасына ауқымды су электр стансыларын салу тиімсіз болғандықтан, Тәжікстан ЭКСПО-2017 көрмесінде күн мен желден қуат алу технологияларына үлкен қызығушылық танытып отыр.

Соңғы жаңалықтар