Тәжікстан азаматтарының 9 көлігін сырттай сатып жіберген тұрғын сотталды
Сот 31 жастағы айыпталушыны 4 жыл 6 айға түрмеде жазасын өтеу туралы үкім шығарды. Айта кетейік, кінәлі азамат карантин күшейтілген мерзімде Қапланбек шекара бекеті маңындағы үйлердің ауласына қойып кеткен 9 көлікті сырттай сатып жіберген. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 189-бабымен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) іс қозғалып, күдікті Қазығұрт ауданындағы туысының үйінен ұсталған болатын. Кейіннен белгілі болғандай, ол Қапланбек шекара аумағындағы өз үйінің ауласына шетелдіктердің көлігін уақытша қоюларына рұқсат беріп, келіскен. Алайда көліктерді сатып, ақшасын бас пайдасына жаратып жіберген. Яғни алты көлікті Шымкент қаласының тұрғынына сатса, үш автокөлікті Сарыағаш ауданының тұрғынына бөлшектеп өткізген. Сонымен қатар полицейлер тергеу барысында күдіктінің бұрын алаяқтық бойынша сотты болғанын анықтады. Тоғыз автокөлік те тәркіленіп, шетелдік азаматтарға қайтарылды.