Тәжік-қырғыз шекарасындағы жанжал: Ахуал қалай ушықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Күні кеше Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында қақтығыс болып, екі елдің әскери қызметшілері Баткен ауданына қарасты Төрт-Көчө деген жерде бір-біріне оқ жаудырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарулы қақтығыс салдарынан шекарашылар, сонымен қатар тәжік тарапынан бейбіт тұрғындар мерт болғаны туралы ақпарат бар. Қырғызстанның әскери қызметшілері жарақат алған.

Бұған дейін ТАСС агенттігі Қырғыз Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің ақпаратына сілтеме жасай отырып, қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы ауылда жағдай шиеленісіп тұрғанын хабарлаған болатын.

«Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасы шекара қызметтерінің өкілдері арасында жүргізілген келіссөздердің қорытындысында нақтыланған деректерге сәйкес, Тәжікстан азаматтары жауып тастаған Төрт-Көчө деген жердегі Баткен-Исфан жолының учаскесі жол жүру үшін қайта ашылды», - деді шекара ведомствосынан.

Аталған комитеттің нақтылауынша, сағат 19:35-те аудандағы ахуал тәжік тарапының қару қолданып Баткен ауданындағы Чыр-Добо мекенінде Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің шекара бөлімшесіне оқ атуына байланысты нашарлай түскен.

«Қырғызстан және Тәжікстанның шекара әскерлері бөлімшелері арасындағы негізгі қарулы қақтығыс Төрт-Көчө мен Чыр-Добо деген жерлерде жүріп жатыр. Тәжік тарапы миномет пен гранатомет қолдануда», - деді ресми ведомство.

Қырғыздың «Кабар» агеттігі жариялаған ақпаратқа қарағанда, 27 қаңтар күні сағат 23:50-де Қырғызстан мен Тәжікстан әсери қызметшілері арасындағы атыс 10 минутқа тоқтаған. Атыс тоқтаған сәтте тарап өкілдерінің кездесуін өткізу жоспарланған.

Бірақ, таратылған ақпаратта тәжік тарапы атысты тоқтату туралы екіжақты уағдаластықты қайтадан бұзып, қырғыс әскери қызметшілерінің позициясына оқ жаудыруын жалғастырған.

«2022 жылдың 28 қаңтары күні сағат 00:20-дағы жағдай бойынша екі елдің әскери қызметшілері арасындағы қарулы қақтығыс Көчө-Бою және Дахма мекендерінде жүріп жатыр», - деп нақтылайды «Кабар» агенттігі Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара қызметінің Ақпарат және коммуникация басқармасына сілтеме жасап.

Бұқаралық ақпарат құралдары шекара маңындағы елді мекендердің тұрғындары үйлерін тастап кетіп жатқанын жазуда.

Өткен түнде Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров ел азаматтарына үндеу жасап, жанжалға қатысты пікірін білдірді.

«Құрметті қырғызстандықтар! Шекарадағы ахуал алғашқы минуттан бастап толықтай менің бақылауымда тұр. Құдай қаласа, барлығын да келіссөздермен, бейбіт жолмен шешеміз. Алаңдамаңыздар. Өзге елдердің мүддесін ұстанатын жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары мен саясаткерлердің ахуалды ушықтыру мақсатында таратқан жалған ақпараттарына сенбеңіздер», - деп жазды Садыр Жапаров Facebook-тегі парақшасында.

Тәжікстан ақпарат агенттігінің хабарына қарағанда, тәжік тарапынан 10 адам жарақат алды. Оның ішінде 6 әскери қызметші мен 4 бейбіт тұрғын бар.

«Өкінішке орай, қақтығыс барысында Тәжікстанның екі азаматы қаза болды: Ходжаи Аъло ауылының тұрғыны, 1986 жылы дүниеге келген Обиджон Туйчиев пен 1964 жылы дүниеге келген Шарипов Абдулатиф Рабиевич», - делінген таратылған ақпаратта.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс салдарынан Қырғызстанның 11 әскери қызметшісі зардап шеккен. Бұл жайында «Кабар» ақпарат агенттігі елдің Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына қарағанда, төртеуіне граната жарықшағы, ал екеуіне оқ тиген. Сәл кейінірек Қырғызстан тұрғындары мен әскери қызметшілері арасында қаза болғандардың жоқ екені мәлім етілді.

Бүгін шекарадағы ахуалдың тұрақтанғаны белгілі болды.

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара қызметі мәлімдемесіне қарағанда, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарадағы атысты толықтай тоқтату туралы уағдаластыққа қол жеткізген. Бұл жайында «Кабар» агенттігі жазды.

Тараптардың келіссөздерінен кейін татуласуға қол жеткізілді. Атап айтқанда, тараптар мынадай келісімдерге келді:

- атысты толықтай тоқтату;

- тараптардың әрқайсысы шекара маңына шоғырландырылған күштері мен құралдарын тұрақты орналасқан жерлеріне қайтару;

- Баткен-Исфан жолында қозғалысты ашу;

- Қырғызстан мен Тәжікстанның құқық қорғау органдары қызметкерлерінің шекаралық аудандарда жанжалға жол бермеу үшін бірге шолғындауы.

Қазіргі уақытта Тәжікстан мен Қырғызстанның мемлекеттік шекарасындағы ахуал тұрақты.

«2022 жылдың 28 қаңтары күні сағат 08:00-дегі жағдай бойынша Самаркандык, Төрт-Көчө, Көк-Таш, Дахма, Көчө-Бою және Головной деген жерлердегі қырғыз-тәжік мемлекеттік шекара учаскесіндегі ахуал тұрақты деп сипатталады», - делінген «Кабар» ақпарат агенттігі таратқан хабарламада.

«Қазіргі уақытта шекарада ахуал салыстырмалы түрде тұрақты және бақылауға алынды. Кешегі жанжалдың барлық мән-жайын арнаулы комиссия тергейтін болады. Қазір екі елдің күштік құрылымдары бірге шолғындау жүргізіп жатыр», - деп нақтылады Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев.


Соңғы жаңалықтар