Тайваньдағы жер сілкінісі кезінде бір адам қаза тауып, 140-тан астам адам жарақат алды

None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Жексенбі күні Тайваньда болған 6,9 магнитудалы қуатты жер сілкінісінен бір адам қаза тауып, 142 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі The Paper басылымына сілтеме жасап.

Қуатты жерасты дүмпуі бүкіл аралда сезілді. Апат салдарынан бірқатар ғимарат құлады, екі көпір зақымдалды, пойыз рельстен шықты. Электр қуатын беруде іркілістер байқалды. Дүйсенбіде Тайвань аралындағы Хуалян және Тайдун бірқатар елді мекендері мен уездерінде мектептерде сабақ тоқтатылды.

Бұған дейін хабарланғандай, сенбі күні кешке Тайваньда болған 6,5 балдық жер сілкінісінен кейін 100-ден астам афтершок тіркелді. Жерасты дүмпулері Тайвань бұғазының арғы бетінде орналасқан Фуцзян, Чжэцзян және Гуандун провинцияларында сезілді.

Құрлықтық БАҚ-тың хабарлауынша, 1999 жылы 21 қыркүйекте Тайваньда аралдағы ең жойқын жер сілкіністерінің бірі болды, магнитудасы 7,6. Сол кезде 2,4 мыңға жуық адам қайтыс болды, 11 мыңнан астам адам зардап шекті. Табиғи апаттан экономикалық залал 9,2 миллиард долларды құрады.


Фото: thepaper.cn


Соңғы жаңалықтар